Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Сол себепті қала әкімдігі мен жауапты мекемелер инфрақұрылымды жетілдіру ісінде көше жарықтандыру жүйесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Қала халқының саны жыл сайын артып, жаңа тұрғын үй массивтері мен шағын аудандар бой көтерген сайын жарықтандыру желілерін орнату жұмыстары да қарқын алуда.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағында барлығы 37 302 жарықтандыру нүктесі жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш қала көлемін толықтай қамтып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді. Оның ішінде ішкі орам көшелеріне орнатылған 450 шам бар. Бұрын-соңды қараңғыда жүруде қолайсыздықтар болған көшелерде бүгінде жарық шамдары орнатылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалды. Әсіресе балалардың кешкілік сабақтан қайтуы мен жаяу жүргіншілердің еркін қозғалуына айтарлықтай оң әсерін тигізуде.
Жаңа шамдардың басты ерекшелігі – заманауи энергия үнемдейтін жүйелерге негізделуі. Яғни, бұрынғы дәстүрлі шамдарға қарағанда әлдеқайда ұзақ мерзім қызмет етеді әрі электр энергиясын аз тұтынады. Бұл өз кезегінде коммуналдық шығындарды азайтуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Энергия үнемдеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі әлем елдері климаттың өзгеруіне қарсы күрес жүргізіп, көмірқышқыл газының көлемін азайтуға ден қойып отыр. Түркістан қаласының жарықтандыру жүйесін жаңарту осы жаһандық үрдістермен үндесіп, «Жасыл экономика» қағидаттарына сай жүзеге асуда.
Жарықтандыру жұмыстары тәуліктің нақты уақытына сәйкес автоматты түрде реттеледі. Арнайы бағдарлама бойынша көшелердегі шамдар күннің батуына қарай кешкі 18:20-да қосылып, таңғы 05:00-де сөндіріледі. Бұл жүйе адамдардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың сән-салтанатын арттырып, көркем келбетін айшықтай түседі. Әсіресе, тарихи-мәдени нысандары көп Түркістанда түнгі жарық сәулесі ерекше көрініс беріп, қалаға келген қонақтарға жағымды әсер қалдыруда.
Сонымен қатар, түнгі жарықтың болуы қоғамдық тәртіптің сақталуына, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Жақсы жарықтандырылған көшелерде тұрғындардың еркін жүріп-тұруына, полиция қызметінің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Бұл – тек қауіпсіздік қана емес, әлеуметтік жауапкершіліктің де бір көрінісі.
Қала әкімдігі алдағы кезеңде Түркістанның инфрақұрылымын жетілдіру жоспары аясында жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңартуды көздеп отыр. Ескі бағаналар мен шамдарды заманауи технологияларға ауыстыру, қосымша жарық нүктелерін орнату, халық жиі жүретін аумақтарды толықтай қамту – негізгі басымдықтардың бірі болмақ. Сонымен қатар жаңа мөлтек аудандарға, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға да ерекше көңіл бөлінеді.
Қала көшелерінің жарықтандырылуы – тек инфрақұрылымдық жобаның бір бөлігі ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді шара. Түркістанды қауіпсіз, заманауи әрі жайлы қалаға айналдыру жолында жасалып жатқан әрбір қадамның маңызы зор. Энергия үнемдейтін шамдардың орнатылуы соның айқын дәлелі болып отыр.




