Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи тағылымы – түркі дүниесінің рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Рухани терең мазмұнға ие бұл алқалы жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және еліміздің әр өңірінен келген белгілі ғалымдар, дінтанушылар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференцияның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, түркі әлемінің рухани жаңғыруындағы Қожа Ахмет Ясауи мұрасының маңызын ерекше атап өтті.
– Түркістан – ұлтымыздың бойтұмары, түркі дүниесінің мәдени әрі рухани астанасы. Бұл шаһардың тарихы халқымыздың тағдырымен тікелей байланысты. Ежелгі Түркістан ғасырлар бойы білім мен даналықтың, ізгілік пен имандылықтың ордасы болып келген. Осы қасиетті қаланы рухани орталыққа айналдырған тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи. Оның ілімі мен тағылымы тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының рухани болмысының негізіне айналды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды» деген болатын. Сол бағытта біз Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарының білімін жетілдіру орталығы – «Ислам институтын» ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама – Ясауи ілімін терең зерделеп, қазіргі заман талабына сай ғылыми тұрғыда дамытудың нақты қадамы, – деді Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде.

Жиын барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен еңбегін жаңа қырынан танып, оның рухани ілімін зерттеудің өзектілігіне тоқталды. Ғалымдар мен дінтанушылар Ясауидің еңбектері арқылы қоғамдағы имандылық, сабыр, мейірім және адамгершілік құндылықтарын насихаттау қажет екенін атап өтті.

Конференцияда «Диуани хикмет» еңбегінің бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, түркі халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайтудағы орны кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, қатысушылар Ясауи жолының қазіргі заманмен сабақтастығы туралы өз ойларын ортаға салып, ғылыми тұрғыда тұжырымдар жасады.

Профессорлар мен зерттеушілер тарапынан тың ұсыныстар айтылып, Ясауи мұрасын мектеп пен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізу, сондай-ақ оның еңбектерін халықаралық деңгейде насихаттау жөнінде бастамалар көтерілді. Бұл ұсыныстар қоғамның рухани өмірін байытып, жастардың дүниетанымына оң әсер ететіні айтылды.

Конференция аясында Ясауи мұрасын зерттеу бағытында бірқатар жаңа жобалар таныстырылды. Ғалымдар «Ясауи ілімі және заманауи қоғам» атты бірлескен зерттеу бағдарламасын қолға алу жөнінде келісімге келді. Сонымен қатар, жиын соңында Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған екі бірдей ғылыми еңбектің тұсаукесері өтті. Олардың бірі – Ясауи хикметтерін заманауи тілде түсіндіретін ғылыми жинақ болса, екіншісі – түркі әлеміндегі рухани сабақтастықты айқындайтын жаңа зерттеу еңбегі.

Бұл маңызды шара түркі жұрты арасындағы рухани байланыстарды нығайтып қана қоймай, Ясауи мұрасының маңызын тереңнен ұғынуға мүмкіндік берді. Түркістанда өткен конференция – руханият пен ғылым тоғысқан, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған тағылымды басқосу болды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар