Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАСТАМАСЫ АЯСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ «ECOACTION» ЧЕЛЛЕНДЖІ ӨТТІ

Түркістан облысында экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама – облыстық «EcoAction» челленджі ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өткен бұл экологиялық шара өңір жастарының белсенді түрде қатысуымен жүзеге асып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қоғамдық ынтымақтастықтың жаңа деңгейін көрсетті.

Игі бастаманы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Челлендж облысқа қарасты 17 аудан мен қалаға жолданып, жастардың табиғатқа жанашырлық танытуына кең мүмкіндік берді. Акцияға аудандық және қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» атсалысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған түрлі шаралар өткізді.

Челлендждің алғашқы кезеңінде облыс орталығының жастары тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, қала аумағындағы қоғамдық орындар мен демалыс аймақтарында сенбілік өткізді. Жиналған жастар экобелсенділіктің маңызын түсіндіретін ақпараттық роликтер дайындап, әлеуметтік желілерде арнайы үндеу жолдады. Осылайша олар челленджді өзге өңірлердің жасуына эстафета ретінде жолдап, экологиялық қозғалыстың кең көлемде таралуына ықпал етті.

Бастаманы қолдаған өңір жастары өз аймақтарында сенбілік, ағаш отырғызу, қоқыс сұрыптау бойынша оқыту шаралары және экотәрбиеге бағытталған түрлі акциялар ұйымдастырды. Жастардың белсенділігі өңірдегі экологиялық мәселелерге деген сергектікті арттырып, табиғатты қорғау мәдениетін нығайтуға үлес қосты.

Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаевтың айтуынша, «EcoAction» челленджі – жастардың ортақ жауапкершілігін арттыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды қадам.

— «Табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған «EcoAction» челленджі экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, өңірлік жастар қауымдастығына үлгі болуда. Сондай-ақ, жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерге бей-жай қарамайтынын, табиғатқа деген жауапкершілігін және болашаққа деген қамқорлығын көрсетеді. Мұндай игі шаралар өңірде алдағы уақытта да ұйымдастырылады», — деді орталық басшысы.

Эколог мамандардың пікірінше, мұндай челлендждер жастардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертумен қатар, қоғамдық сананың жаңғыруына да оң әсер етеді. Жас буынның белсенді экобастамалары болашақта өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға және қалдықтарды басқару мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етпек.

Сонымен қатар, шара жергілікті қоғамдастықтың бірлесіп әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Қатысушылар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, экологиялық білім алмасу, экосағат өткізу, тұрғындарды экосанаға шақыру жұмыстары сияқты кешенді іс-шараларды қолға алды. Бұл өз кезегінде экологиялық трендтердің жастар арасында кең таралатынын дәлелдейді.

Облыс бойынша жалғасқан «EcoAction» челленджі «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, экологияны қорғау бағытында жастардың рөлін айқындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұдан әрі мұндай шаралар жиілеп, тұрақты экобастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

Экологиялық мәдениет пен табиғатты аялау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Түркістан жастарының бастамасы осы бағыттағы жұмыстың жарқын үлгісі болып, қоғамды табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға шақырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар