Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» халықаралық симпозиумы өтті. ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараны Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты, Түркістан облысының әкімдігі және университет бірлесіп өткізді.

Симпозиумның мақсаты – түркі дүниесінің көне құқықтық дәстүрлері, билер институтының тәжірибесі, дала өркениетінің әділет пен ар-ожданға негізделген құқықтық мәдениеті, сондай-ақ Ахмет Ясауи ілімінің қазіргі құқық жүйесіне ықпалын жан-жақты талдау. Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан жетекші ғалымдар мен құқық саласының мамандары қатысты.

Секциялар мен пленарлық отырыстарда қатысушылар адамгершілік, әділет және жауапкершілік ұстанымдарының бүгінгі мемлекеттік басқару мен құқықтық тәрбиеге әсерін талқылады. ҚР Конституциялық Соты төрағасы Эльвира Азимова құқықтық мәдениет тек рухани негізде ғана қоғам сенімін арттыра алатынын атап өтті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ Әзербайжан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Рашид Рзаев, Қазақстанның құқық және мәдениет саласының сарапшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Симпозиум соңында қатысушылар ғылыми бастамаларды дамыту жөнінде ұсыныстар қабылдады: арнайы ғылыми жинақ шығару, «Түркі дүниесінің құқықтық терминдер сөздігін» әзірлеу және түркі елдері университеттері арасында құқықтық зерттеулер желісін құру. Бұл жобалар түркі халықтарының ортақ құқықтық мұрасын жүйелеп, қазіргі ғылыми ортаға енгізуге мүмкіндік береді.

Екі күнге созылған халықаралық жиын Ұлы Дала философиясының қазіргі заманғы құқықтық мәдениетке қосатын маңызды үлесін көрсетті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар