Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындардың тұрмыстық мәдениетін арттыру мақсатында өткен жалпы қалалық сенбілікке Тұран ауданы белсенді түрде қатысты. Іс-шара аудан әкім аппаратының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Сенбіліктің негізгі мақсаты — аудан аумағындағы көшелер мен аулаларды, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазарту, абаттандыру және көгалдандыру арқылы қала келбетін жақсарту болды.
Тұран ауданы әкім аппараты тарапынан 480 қызметкер мен 26 арнайы техника жұмылдырылып, бір күн ішінде жалпы көлемі 12 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, аудан тұрғындары да белсенділік танытып, 4456 адам сенбілік жұмыстарына өз еркімен қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосты. Мазарат аумақтарын тазалау жұмыстарына 300-ге жуық адам атсалысты.
Сенбілікке қала басқармалары мен ұйымдары да бір кісідей қатысты. Атап айтқанда, Дене шынықтыру және спорт басқармасынан 52 қызметкер мен 2 техника, Денсаулық сақтау басқармасынан 55 қызметкер мен 2 техника, Мемлекеттік сатып алу басқармасынан 48 қызметкер мен 1 техника, Цифрландыру басқармасынан 40 қызметкер мен 1 техника, Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасынан 35 қызметкер мен 2 техника, сондай-ақ «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ-нен 40 қызметкер мен 1 техника, Тұран электр тарату бөлімінен 20 қызметкер мен 2 техника, Тұран аудандық полиция бөлімінен 100 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.
Оған қоса, әлеуметтік нысандардан 4685 қызметкер мен 5 техника, кәсіпкерлік нысандардан 890 қызметкер мен 4 техника қатысып, нәтижесінде 6 және 7 тонна қоқыс шығарылды. Барлық күш біріктірілген сенбілік барысында аудан аумағынан барлығы 33 тонна қалдық тазартылып, көше бойындағы қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөп ору, дәнекерлеу және сырлау, қоршауларды жөндеу мен бояу сияқты жұмыстар атқарылды.
Жалпы алғанда, Тұран ауданы аумағында 10 901 қызметкер мен 49 техника қатысқан сенбілік жоғары ұйымшылдықпен өтті. Бұл бір күндік шара тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, ортақ еңбектің нәтижесінде ауданның тазалығы мен көріктілігі айтарлықтай жақсарды.
Тұран ауданы әкімдігі алдағы уақытта да «Таза қала – таза қоғам» қағидаты аясында осындай экологиялық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Аудан тұрғындарына қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық орындарды таза ұстау бағытында үндеу жасалды.
#ТазаҚазақстан #ТазаҚала




