Воскресенье, 4 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ҰЙҒЫР ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН ӨНЕРІ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ БІРЛІГІ МЕН ТАТУЛЫҒЫНЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында ұйғыр этносының мәдени ерекшеліктеріне арналған «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерейлі әрі рухани маңызы зор мерекелік шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шара елімізде тұратын этностардың достығы мен бірлігін нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және мәдени мұраны сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде қоғамның кең қолдауына ие болды. Шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырып, оған қала басшылығының өкілдері, этномәдени орталықтардың жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі тұрақтылық пен өзара құрметті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ұйғыр этносының Қазақстан қоғамындағы орны айрықша, себебі олардың мәдениеті мен өнері көпұлтты еліміздің рухани байлығын толықтырып, этносаралық татулықтың үлгісін көрсетеді.

Мерекелік шара ұлттық нақышқа толы қойылымдармен басталып, қатысушылар алдымен ұйғыр халқының дәстүрлі қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлері мен тұрмыстық заттарының көрмесін тамашалады. Бұл көрме ұйғыр халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өнері мен шеберлігінің жоғары деңгейін айқын көрсетті. Сонымен қатар ұлттық тағамдардың дәмі ұсынылып, келген қонақтарға ұйғыр халқының қонақжайлық ерекшеліктері көрсетілді.

Сахна төрінде «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық би кештің сәнін келтіріп, ұйғыр мәдениетінің айрықша болмысын айқын көрсетті. Ән мен би, домбыра мен дап аспаптарының сүйемелдеуі көрерменнің жүрегіне жетіп, рухани әсер сыйлады. Жас өнерпаздар ұйғыр тіліндегі халық әндерін орындап, ана тілін сақтаудың және оны дәріптеудің маңыздылығын көрсетті. Ұйғыр этносының өкілдері өздерінің ұлттық музыкасы арқылы бейбітшілік пен достық идеяларын паш етіп, Қазақстанды ортақ шаңырақ ретінде құрметтейтінін жеткізді.

Кеш барысында «Жан досым» секілді танымал туындылар орындалып, Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл қазақ және ұйғыр халықтарының мәдени байланысының терең әрі тарихи тамыры бар екенін тағы бір дәлелдеді.

Іс-шара соңында қаладағы этномәдени орталықтардың өкілдері мәдениеттердің әртүрлілігі – еліміздің ең үлкен байлығы екендігін атап өтіп, осындай шаралар ұлттар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті күшейтетінін айтты. Бүгінде Қазақстанда тұратын барлық этностар мемлекет тарапынан қолдау көріп, өз тілін, дінін, салтын еркін дамытуда. Бұл – еліміздегі этносаралық келісімнің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың жарқын көрінісі.

Ұйғыр этносының мәдениеті – тек бір ұлттың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының рухани қазынасы. Оны сақтау мен насихаттау – ел бірлігін нығайтып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал етеді. Осындай мәдени шаралар Қазақстанның әлем алдындағы бейбітсүйгіш, толерантты мемлекет ретіндегі беделін арттыра түседі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар