Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында ерекше мазмұнға ие мәдени шара – «Заң мен Тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Бұл көрме қоғам тыныштығын күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметін, жанқиярлық еңбегін кеңінен таныстыруды мақсат етті.
Фотокөрмеде ұсынылған туындыларда тәртіп сақшыларының түрлі қырынан көрініс тапқаны байқалады. Көшелерді тәулік бойы патрульдеу сәттері, жедел тапсырмаларды орындау барысы, аса қауіпті жағдайларда кәсібилікті, батылдықты талап ететін әрекеттері – барлығы да шынайы әрі әсерлі кадрлар арқылы көрермен назарына ұсынылды. Әрбір фото бейнебір тірі құжат секілді, полицейлердің қиын да абыройлы еңбегін айшықтап тұрды.
Іс-шараның атмосферасын ерекше еткен тағы бір жайт – Ұлттық ұлан оркестрінің орындауындағы әуендер. Оркестрдің әсерлі өнері көрме залындағы рухты көтеріп, полицейлердің қоғам алдындағы миссиясын сезінуге ықпал етті.
Көрмеге жүздеген қала тұрғыны мен қонақтары келіп тамашалады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы ерекше болды. Қонақтардың қатарында арнайы «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да болды. Олар үшін бұл шара – тек сурет көріп қана қоймай, патриоттық сезім мен жауапкершілікті қалыптастыратын, қоғамға адал қызмет етуге шабыттандыратын айрықша сабақ болды. Жасөспірімдер фотоэкспозицияға қызығушылық танытып, полицейлердің қызметі туралы сұрақтарын қойып, өз әсерлерін ашық жеткізді.
Көрмеге келген тұрғындардың пікірінше, мұндай шаралар полицияның қоғамдағы бейнесін жаңа қырынан танытады. – «Бұл көрме арқылы біз тәртіп сақшыларының ерен еңбегімен жақынырақ таныстық. Әр суреттен олардың табандылығы, өз ісіне адалдығы мен қайсарлығы көрінеді. Әркім өзіне қажетті ой түйеді: біреу үшін – бұл үлгі болар мамандық, енді біреу үшін – құрметке лайық еңбек, ал кейбіріне – жаңа шабыт беретін оқиға», – деді келушілердің бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру, полиция қызметкерінің бейнесін «Заң мен Тәртіптің қорғаушысы» ретінде көрсету. Сонымен қатар, қоғам мен құқық қорғау органдарының арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал ету.
Бұл бастама алдағы уақытта дәстүрге айналып, басқа да қоғамдық орындарда жалғасын табуы мүмкін. Себебі мұндай көрмелер жас буынды тәрбиелеуге, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздіктің құндылығын түсіндіруге зор үлес қосады.




