Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс саласындағы бақылау күшейтіліп, заңсыз нысандарға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қала аумағында орналасқан «Shinar» салтанат сарайының қызметіне тыйым салынды. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары жүргізген жоспарлы тексеру кезінде Сайрам тұрғын алабындағы М.Жалил көшесінде орналасқан «Shinar» нысанында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, нысан бастапқыда 1 қабатты шағын шайхана ретінде пайдалануға қабылданғанымен, оның меншік иесі тиісті рұқсат құжаттарынсыз, жоба-сметалық құжаттаманы бекітпестен және құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алмай, нысанды өз бетінше қайта реконструкциялап, көлемін ұлғайтып, 2 қабатты салтанат сарайына айналдырған.
Тексеру барысында нысанның Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын өрескел бұза отырып қайта жаңғыртылғаны толық дәлелденді. Бұл заң бойынша кез келген құрылыс, кеңейту, қайта жоспарлау немесе реконструкциялау жұмыстары тек уәкілетті органдардың нақты келісімі мен бақылауы арқылы жүзеге асырылуы қажет. «Shinar» нысаны бұл талаптарды сақтамағандықтан, оның қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды.
Қала тұрғындары мен кәсіпкерлеріне басқарма мамандары тағы бір мәрте ескерту жасады: қауіпсіздік нормаларын сақтамау, рұқсатсыз құрылыс жүргізу және бекітілмеген жобалармен жұмыс істеу — тек айыппұл салуға ғана емес, нысанды мәжбүрлі түрде бұзуға дейінгі шараларға алып келуі мүмкін. Бұл – қаланың сәулеттік келбеті мен қоғамдық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңды талап.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, қалада осындай заңсыз салынып жатқан нысандарға қатысты жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп, анықталған әрбір жағдай бойынша тиісті әкімшілік шаралар қолданылып жатыр. Мақсат – қала аумағында қауіпсіз, заманауи, заңға сәйкес инфрақұрылымды қалыптастыру және тұрғындар үшін қолайлы орта жасау.
Құрметті қала тұрғындары! Қала мәдениеті мен қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан кез келген құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын қажетті рұқсаттарды алу, заң талаптарын қатаң сақтау – әр кәсіпкердің міндеті.




