«British Council» ұйымы жүргізген «Қазақстанның келер ұрпағы» атты зерттеудің нәтижелері жарияланды. Бұл зерттеу аясында ұйым әлемнің түкпір-түкпіріндегі жастардың пікірін білдіруге арналған «Next Generation» («Келер ұрпақ») платформасын ұсынады. Жоба жастардың даусын естуге, олардың армандары мен мәселелерін, қоғамдағы рөлін түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы зерттеу жұмысы LSE Consulting, Орталық Азия Барометрі (ЦАБ) және жобаның Консультативтік кеңесімен әріптестік негізінде жүзеге асырылды.
Барлығы 18 бен 35 жас аралығындағы 1270 жас қазақстандық қатысты: 1202 адам – репрезентативтік сауалнамада, ал 68 адам – тереңдетілген сұхбат пен фокус-топтарда.
Зерттеу әдістемесі бес бағыттан тұрды:
Әдеби шолу: Қазақстанның әлеуметтік-саяси және демографиялық жағдайы жөніндегі деректер жинақталды;
Репрезентативтік сауалнама: жастардың көзқарасы, басымдықтары, білімі, жұмыспен қамтылуы, азаматтық белсенділігі мен жаһандық көзқарастары зерттелді;
Жас көшбасшылармен сұхбат: Қазақстанның 20 жас көшбасшысы әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерге қатысты пікір білдірді;
Фокус-топтар: Астана, Алматы және Атырау қалаларында алты топтық талқылау өтті. Тақырыптар – білім мен жұмыс, жастар даусы мен цифрлық БАҚ, жаһандық көзқарас;
«Тоқта да ойлан» семинарлар сериясы: 10 сарапшы мен белсенді қатысқан екі семинар офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Негізгі тұжырымдар:
1. Отбасы – басты құндылық
Жас қазақстандықтар әлеуметтік жағдайына қарамастан, отбасын ең үлкен тірек және басты ықпал көзі ретінде көреді. Достары мен құрдастары екінші орында.
Басқа зерттеулер де бұл тұжырымды растайды: жастардың 80%-дан астамы үшін отбасы – ең маңызды құндылық.
2. Оптимизм мен шынайы көзқарас
Жастар қоғамдағы қиындықтарды түсіне отырып, болашаққа сеніммен қарайды.
80%-дан астамы елдің даму бағытына және өз болашағына оң баға берген.
Әйелдердің 83%-ы, ерлердің 86%-ы өмір сапасы мен мансаптық мүмкіндіктеріне сенімді.
Бұл ұрпақ қиындықтарды өсу мен дамуға мүмкіндік ретінде қабылдайды.
3. Білім сапасына сенім арту
Сауалнамаға қатысқан жастардың 57%-ы Қазақстандағы білім сапасы жақсарып келеді деп есептейді.
30–35 жастағы респонденттердің 78%-ы білім қоғамдағы өзгерістерге түрткі болады деп санайды.
4. Білім – дамудың кілті
70%-дан астамы білімді жаһандық мәселелерді шешудің ең тиімді құралы деп біледі.
Жастар үшін басты кәсіби дағдылар – көшбасшылық, мәселені шешу және коммуникация.
Шет тілдерін білу (әсіресе қазақ және ағылшын тілдері) — еңбек нарығындағы маңызды артықшылық.
80%-дан астамы тіл үйренуді жұмыспен қамтылу, сапалы білім алу және жаңа таныстықтар үшін маңызды деп есептейді.
5. Кәсіпкерлікке қызығушылық жоғары
Респонденттердің екіден үш бөлігі алдағы бес жылда өз ісін ашуға ниетті.
6. Халықаралық көзқарас
Жастар Қазақстанды үш бағытта «көпір» ел деп көреді:
– географиялық тұрғыда – ірі державаларды байланыстыратын ел;
– дипломатиялық тұрғыда – аймақтық сенімді делдал;
– мәдени тұрғыда – Батыс пен Орталық Азияны жалғаушы буын.
Сондай-ақ, олар Қазақстанның аймақтағы ең ірі экономика және көршілерге үлгі ел екенін мақтанышпен атайды.
7. Экологиялық жауапкершілік
Климат мәселесі жастар үшін де маңызды. Олар ауа сапасы, қалдықтарды басқару және су тапшылығына алаңдайды. Бірақ сонымен қатар, бұл түйткілдерді шешуге дайын және белсенді.
8. Азаматтық белсенділік пен цифрлық қозғалыс
Қазір жастар қоғамдағы нақты мәселелерді шешу үшін өздігінен бірігіп, бастама топтарын құрып жатыр.
Сонымен бірге цифрлық белсенділік кеңінен тараған: әлеуметтік желілерде әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды қозғау, блог жүргізу, карикатура, музыка немесе эко-активизм арқылы ой айту кеңінен дамуда.
Қорыта айтқанда, зерттеу нәтижелері қазіргі жас қазақстандықтардың мақсатшыл, оптимистік көзқарасты және жауапкершілігі жоғары ұрпақ екенін көрсетті. Олар дәстүр мен жаңашылдықтың арасынан үйлесім табуға, өз елінің дамуына үлес қосуға ұмтылады.




