Шымкент қаласында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған дәстүрлі «Shymkent Fan Club» спорттық би байқауы биыл да жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба жыл сайын мектеп оқушыларының белсенділігін арттырып, олардың өнерге, спортқа және командалық жұмысқа қызығушылығын күшейтетін маңызды алаңға айналып келеді. Байқау қала мектептері арасындағы ең ауқымды мәдени-спорттық іс-шаралардың бірі ретінде кең қолдауға ие болды.
Биылғы маусымда байқауға Шымкент қаласындағы 151 білім беру ұйымынан екі жарым мыңға жуық оқушы қатысты. Әр мектеп өз фан-клубын құрып, ерекше сахналық қойылымдар әзірледі. Алғашқы іріктеу кезеңінде тәжірибелі хореографтар мен сала мамандарынан құралған комиссия командалардың өнерін кәсіби тұрғыда бағалап, үздік деп танылған 21 мектепті финалға өткізді. Бұл кезеңде қатысушылардың орындау техникасы, сахнада өздерін ұстауы, музыкалық үйлесім мен шығармашылық шешімдер басты назарға алынды.
Финалдық кезең нағыз шығармашылық доданың үлгісіне айналды. Оқушылар заманауи хореография элементтерімен безендірілген спорттық би қойылымдарын ұсынып, өздерінің шеберлігі мен креативті ойлау қабілеттерін паш етті. Командалардың сахналық мәдениеті, би техникасының дәлдігі, стильдік үйлесімі, сондай-ақ фан-клубқа тән символика мен костюмдерінің бірегейлігі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Қатысушылардың дайындық деңгейі, сахнадағы еркіндігі, эмоцияны жеткізе білуі мен ұжымдық рухы көрермендерге үлкен әсер қалдырды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Циолковский атындағы №84 жалпы орта мектебіне бұйырды. Бірінші орынды №99 мектеп-гимназиясы иеленсе, екінші орын Д.И. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне, үшінші орын З. Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейіне берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды: бас жүлде иегеріне велосипед, бірінші орынға смартфон, екінші орын иегеріне смартсағат, ал үшінші орынға арнайы брендтік сыйлықтар ұсынылды. Сонымен қатар финалға қатысқан барлық оқушыларға ынталандыру ретінде естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталып, олардың шығармашылық жолына жаңа серпін берілді.




