Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ЖЕТІСАЙДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГАЗДАНДЫРУ – ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ МЕН ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА ЖАСАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Жетісай ауданында тағы бір маңызды әлеуметтік-инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекені табиғи газға қосылды. Бұл бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, энергия тиімділік саясатын жүзеге асыруға, жасыл экономика қағидаттарын енгізуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі болып табылады.

Бүгінде Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен әрі жоспарлы түрде жүргізілуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынға қосылып, газбен қамтылған елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш – өңірде инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың айқын дәлелі.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздік күні қарсаңында Жаңа ауыл елді мекеніне табиғи газ берілді. Салтанатты шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, ауыл тұрғындарын ел мерекесімен және газға қосылуымен құттықтады.

Жылдар бойы қатты отын жағып, көмір мен отын тасып, күл шығарумен әбігерге түскен 2460 тұрғын енді экологиялық тұрғыдан анағұрлым таза, қауіпсіз әрі қолайлы табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Табиғи газды пайдалану – бұл ең алдымен энергия тиімділігін арттыру, тұрмыстық шығындарды азайту және қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың таралуын төмендету деген сөз.

Елді мекендерді газдандыру – жасыл экономикаға көшу жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Қатты отынның орнына табиғи газды қолдану арқылы атмосфераға таралатын зиянды заттар көлемі едәуір азайып, ауа сапасы жақсарады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығын қорғауға, экологиялық ахуалды тұрақтандыруға және «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының негізгі мақсаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.

Ауданда газдандыру жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді. Өткен жылы Жетісай ауданында 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, биылғы жылдың басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде.

Шара барысында газ қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Газ инспекциясының өкілдері ауыл тұрғындарына газ құрылғыларын дұрыс пайдалану, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы жаднамалар таратты. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы маңызды қадам.

Жалпы, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, энергия тиімділік саясатын іске асыруға, жасыл экономика қағидаттарын кеңінен енгізуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасып, аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі экологиялық таза өмір сүру ортасы қалыптаса бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар