Шымкент қаласында көлік қозғалысын оңтайландыру, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындардың қалалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануы мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар қаладағы кептелістерді азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ жол қозғалысының ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, бірқатар көшелердің қиылыстарында көлік кептелісін болдырмау және қозғалысты реттеу мақсатында бағдаршам нұсқауларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:
Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшесінің,
Темірлан тасжолы мен Қожанов көшесінің,
Т.Рысқұлов пен Б.Момышұлы көшесінің қиылыстарында бұрынғы бағдаршамдар жаңартылып, қосымша секциялармен жабдықталған, жасыл түсті «(+)» белгісі бар заманауи бағдаршамдарға ауыстырылды.
Бұл өзгерістер қиылыстардағы қозғалысты реттеп, кептелісті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылған бағдаршамдар жүргізушілерге жол қозғалысын тиімді жоспарлауға және қауіпті жағдайлардың алдын алуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, А-2 тасжолында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі. 2025 жылғы 12 қарашадан бастап 22 қарашаға дейін Бозарық айналмасынан Тұран шағынауданындағы Қожаберген жырау көшесіне дейінгі аралық жабылады. Осыған байланысты жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады, ал қоғамдық көліктің қозғалысы да уақытша өзгереді.
Бұдан бөлек, Ю.Сареми және Жаңақұрылыс көшелерінде де жөндеу жұмыстары басталды. 11 қарашадан бастап бір апта бойы қозғалыс кезең-кезеңімен шектеледі. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдардың сапасы жақсарып, көлік ағынының өткізу қабілеті артады.
Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала көшелерінде арнайы жарық шағылыстырғыш (катафот) элементтері орнатылды. Атап айтқанда, Қазыбек би және Адырбеков көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдері, сондай-ақ Желтоқсан мен Қабанбай батыр көшелерінің бөлу жолақтарына жарық шағылыстырғыштар орналастырылды. Бұл жұмыстар қала бойынша кезең-кезеңімен жалғасады және барлық қауіпті аймақтарда жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталады.
Қала әкімдігі тұрғындарды және қала қонақтарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға, сондай-ақ жолдағы қауіпсіздік шараларына бейжай қарамауға шақырады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндеті. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысты ақпаратты алдын ала бақылап, маршрутты жоспарлау ұсынылады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/tdctUfs06IU?si=S4aLAUl9S6s-D-4L
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




