Ең қомақты жоба Павлодар облысында сингапурлық XINFA компаниясының бастамасымен жүзеге аспақ. Инвестор құны 15 млрд доллар болатын алюминий кластерін құруды жоспарлап отыр.
Жоба боксит өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Жыл сайын 4,8 млн тоннаға дейін глинозем, 2,4 млн тонна электролиттік алюминий және 1,2 млн тонна терең өңделген өнім өндіру көзделген.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталады. Бірінші кезеңді 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Ал кәсіпорын толық өндірістік қуатына 2029 жылы шығады. Нәтижесінде шамамен 10 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Жаңа электр станциялары мен ауыл шаруашылығына арналған су
Қазақстандық Baskan Irrigation компаниясы Жетісу облысында қуаты 30 МВт болатын Покатилов су электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Нысанды іске қосу 2028 жылға белгіленген.
Жоба аясында көлемі 80 млн текше метрге дейін жететін су қоймасы салынады. Бұл шамамен 32 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін суаруға мүмкіндік береді. Су электр станциясы жылына шамамен 30 мың МВт/сағат электр энергиясын өндіреді.
Түркістан облысында құны 307 млн доллар болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны China Energy Overseas Investment Co. Ltd., Qazaq Green Power PLC және Самұрық-Энерго жүзеге асырып жатыр. Станция 2027 жылы пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын шамамен 674 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіреді.
Almaty SuperSki құрылыс кезеңіне өтті
Қазақстандағы туризм саласындағы ең ірі жобалардың бірі жобалау кезеңінен өтіп, құрылыс жұмыстарына көшті.
Almaty SuperSki тау шаңғысы курортын салуға Франция, Канада және АҚШ компаниялары тартылған. Франциялық компания 11 аспалы жолдың құрылысын жүргізеді. Канадалық мамандар жобалау жұмыстарымен айналысса, америкалық тарап құрылыс барысын басқару және үйлестіру міндетін атқарады.
Курортты іске қосу 2028 жылға жоспарланған.




