Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Бәйдібек ауданының Теректі ауылында ангар типтес модульді спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бану Нұрғазиева, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және ауыл тұрғындары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары жиналған қауымды Қарттар күнімен және жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.

– Бүгін ел игілігіне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынған модульді спорт залы беріліп отыр. Бұл – ең алдымен ауыл балалары үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Бәйдібек ауданы – спорттық дәстүрі қалыптасқан аудандардың бірі. Бүгінде ауданда 237 спорт нысаны бар. Ауданда 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 15 спорт түрі бойынша 131 жаттықтырушы мыңдаған балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып келеді. Бұл Бәйдібек ауданында спортқа, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан бүгін Теректі елді мекенінде ашылып отырған жаңа спорт зал ауданның спорттық әлеуетін одан әрі арттыра түсетініне сенімдіміз. Біз үшін жаңа ғимарат салу ғана емес, оның халыққа нақты қызмет етуі маңызды. Сондықтан осы спорт зал күн сайын балалардың дауысы естілетін, жастардың шынығатын, ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысатын орталығына айналсын! Осындай игі бастаманы жүзеге асырып, ауыл балаларына үлкен мүмкіндік жасап отырған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға және барша жанашыр азаматтарға облыс спортшылары және облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа спорт залымыз құтты болсын! Жаңа нысан ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Заманауи талаптарға сай ғимараттың лентасы қиылып, облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы ауыл тұрғындарымен бірге спорт кешенін аралап шықты. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары мен жиынға қатысушылар спорт кешенінің айналасына ағаш отырғызды.

Жаңа спорт нысанының құрылыс жұмыстары 2025 жылғы қараша айында басталған. Жобаның жалпы ауданы 1 280,9 шаршы метрді құрайды. Нысанның жалпы құны 218,501 млн теңге, ал конкурстық құны 200,0 млн теңге.

Жалпы, Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Батыр боламын!» қайырымдылық қорының қолдауымен «100 балалар спорт залы» бағдарламасы аясында облыстағы 21 спорт залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл қордың демеушілігімен 19 спорт залына жалпы құны 259,6 млн теңгеге спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар Келес ауданында да осындай модульді спорт залының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2026 жылы облыс бойынша жалпы құны 11,3 млрд теңгені құрайтын 58 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда соның 18 нысаны пайдалануға берілді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар