Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жүйелі түрде ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылуда.
Кезекті сенбілік барысында аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, елді мекендердің ішкі көшелері тазартылып, қоқыстар жиналды. Сондай-ақ жол жиектеріндегі шөптер шабылып, ағаштардың түптері әктеліп, арық-атыздар мен су өткізу арналары тазаланды. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен белгіленген қоқыс полигондарына шығарылды.
Тазалық іс-шарасы аудан бойынша барлық аумақтарда бір мезгілде жүргізілді. Бұл жұмыстарға аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер белсенді қатысып, тазалық шараларына өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне тазалық жұмыстарын сапалы әрі үйлесімді ұйымдастыруды тапсырды.
Туған жердің тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Әр азамат өз ауласы мен айналасын таза ұстаса, бұл ауданның көркеюіне және экологиялық мәдениеттің қалыптасуына қосылған зор үлес болмақ. Барша өңір тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялауға және тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз!
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
САРЫАҒАШТА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА




