Бүгінгі таңда цифрландыру – тек сәнге айналған заманауи тренд қана емес, бұл мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыратын негізгі құрал. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске қосылған «еӨтініш» (eOtinish) ақпараттық жүйесі осы бағыттағы ең ірі әрі нәтижелі жобалардың біріне айналды.
Бұрын азаматтардың арыз-шағымдары немесе ұсыныстары қағаз жүзінде жиналып, мекемеден мекемеге айлап жылжитын. Бұл процесс азаматтар үшін уақыт жоғалтуға, ал мемлекет үшін бюрократиялық кедергілердің артуына әкеліп соқтыратын. «е-otinish» жүйесін енгізу осы созбалаңдықты түп-тамырымен жойып, азамат пен шенеунік арасындағы тікелей, ашық диалогты қалыптастырды.
ЖҮЙЕНІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ НЕДЕ?
Қазіргі қоғамда уақыт факторы мен ақпараттың жеделдігі бірінші орынға шықты. «е-otinish» платформасының өзектілігі келесі басты факторлармен айқындалады:
Қолжетімділік: Азамат қай жерде жүрсе де, үйден немесе офистен шықпай-ақ, смартфон немесе компьютер арқылы кез келген мемлекеттік органдарға өтініш жолдай алады.
Есептілік пен ашықтық: Өтініштің қай деңгейде, қай орындаушының қарауында жатқаны нақты уақыт режимінде (онлайн) көрініп тұрады. Сыбайлас жемқорлықты азайту: Адам факторы мен жеке байланыстар шектеліп, әрбір өтініш цифрлық маркамен тіркеледі.
«е-otinish» — бұл жай ғана арыз беру сайты емес, бұл әрбір азаматтың конституциялық құқығын жедел әрі кепілді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін платформа.
Сонымен қатар, платформа Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодекске толық сәйкестендірілген. Бұл өтініштерді қарау мерзімдерін қатаң бақылауда ұстауға және орындаушылардың жауапкершілігін еселеп арттыруға жағдай жасады.
Түйіндей айтқанда, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі — Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды цифрлық қадам. Ол халық үнін үкіметке жеткізуші ғана емес, елдегі заңдылық пен тәртіпті, ашықтықты камтамасыз ететін заманауи құралға айналды.
Цифрлық қоғамда азаматтардың белсенділігі мен жүйенің тиімді жұмысы қатар жүргенде гана өркениетті даму байқалады. «е-otinish» бұл мақсатқа толық қызмет етіп келеді.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті
#заң_және_тәртіп
#закон_и_порядок




