Четверг, 1 октября, 2026
17.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Жолдау-2025: ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры»

«Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс.

Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.

Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.

Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады.

Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс.

Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған.

Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет.

Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз.

Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын.

Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ.

Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық.

Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді.

Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады.

Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін».

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар