Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ОЗЫҚ АГРОЭКОНОМИКАҒА КӨШУ ҮШІН ҮКІМЕТТІҢ НАҚТЫ ЖОСПАРЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет ауқымды реформалар жүргізіп келеді. Президент ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, оған көрсетіліп отырған қолдау көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін жеткізді.

Президент:

«Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған».

Қолдауды тиімді пайдалану қажеттігі

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының өзі жеткіліксіз екенін, ең бастысы – қаражаттың тиімді пайдаланылуы маңызды екенін айтты.

«Агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек», – деді Президент.

Инвестиция көлемі артып келеді

Президенттің айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамаларға отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады, нәтижесінде үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнімдер әлемнің көптеген еліне экспортталмақ.

«Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін, өңір ерекшелігіне бейімделген біртұтас желі қалыптасуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үздік агрокәсіпорындардың үлгісі

Президент үздік агрокәсіпорындардың тәжірибесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің әр өңірінде өндірістің барлық сатысын қамтитын кәсіпорындар бар және оларды халық жақсы біледі. Бұл агроқұрылымдар цифрландыру тәсілдерін енгізу арқылы өнімділікті бірнеше есе арттырып отыр.

«Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейінгі тұтас өндірісті жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн», – деді Президент.

Инновацияға басымдық

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты жеделдету – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың басты міндеті екенін ескертті.

«Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанды агроөнеркәсіптік өнімдерді экспорттайтын ірі ойыншыға айналдыруға жол ашады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар