Президент Жолдауы – жасанды интеллект дәуіріндегі тың қадам
деп хабарлайды Kemelnews.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы барша қазақстандықтарға тың серпіліс берген тарихи сәт болды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын, ғылым мен жоғары білім саласына ерекше серпін беретін маңызды бастамаларды жария етті.
Жолдауда Мемлекет басшысы ғылым, білім және инновация салаларын басқару тәсілдерін өзара байланыстырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан біртіндеп білім экономикасына көшіп жатыр, сондықтан бұл үш саланы интеграциялау арқылы жаңа сапалы нәтижелерге қол жеткізу қажет. Президент сонымен бірге жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік берудің қажеттігін атап өтті. Бұл қадам жоғары оқу орындарының әлемдік тәжірибеге сай ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуіне және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. «Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн», – деді Президент. Бұл бастамалар еліміздегі кадрлық әлеуетті күшейтіп, ғылым мен білімді жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Осыған байланысты М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Дархан Ахмед-Заки өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Президент Жолдауы елдің интеллектуалдық капиталына деген сенімді күшейтті әрі ғылыми қауымдастыққа зор жауапкершілік жүктеді. «Ғылым мен білімді үйлестіру арқылы біз жасанды интеллект дәуірінде жаңа белестерді бағындырамыз. Бұл Жолдау – ұлттың келешекке деген сенімін арттыратын тарихи құжат», – деді ол.
Қорытындысында Президенттің бастамалары Қазақстанды жаңа технологиялық дәуірге бастап, ғылым мен білімді ұлттық дамудың басты тірегіне айналдыруға бағытталғаны ерекше атап өтілді.




