Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында:
«Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады», – деп атап өткен болатын.
Осы тапсырманы орындау аясында Шымкент қаласында маңызды қадам жасалды — халықаралық әуежайдан бір мезетте бес мемлекеттің жеті қаласына тікелей әуе рейстері іске қосылды.
Бұдан былай Шымкенттен Мажарстан, Германия, Корея, Қытай және Египет елдеріне тікелей қатынауға мүмкіндік бар. Алғашқы рейстер Мюнхен және Будапешт қалаларына аттанды. Бұл бастама — өңірдің халықаралық көлік желісін кеңейтудің және туризм инфрақұрылымын дамытудың нақты нәтижесі.
Жаңа бағыттардың ашылуы Шымкенттің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға зор ықпал етеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам қалаға келетін шетелдік туристердің санын арттырып, инвестициялық тартымдылықты күшейтеді және өңірдің халықаралық имиджін жаңа деңгейге көтереді.
Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары үшін алыс және жақын шетелдерге тікелей, уақыт үнемдейтін сапар жасау мүмкіндігі пайда болды. Бұл әсіресе бизнес, білім және мәдени бағыттағы байланыстарды нығайтуда үлкен рөл атқарады.
Қазіргі таңда SCAT әуе компаниясының паркінде 37 әуе кемесі бар. Оның 22-сі ішкі бағыттарға, ал 15 ұшағы халықаралық бағыттарда тұрақты қызмет көрсетеді.
Жаңа рейстердің қосылуы компанияның әуе паркін тиімді пайдалануға және жолаушылар ағынын ұлғайтуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл бастама сапалы қызмет пен қолжетімді бағаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Мамандар атап өткендей, жаңа тікелей рейстердің ашылуы өңірдің көлік логистикасын дамытып, туристік инфрақұрылымның өсуіне серпін береді. Бұл Шымкентті Орталық Азиядағы маңызды әуе және саяхат хабы ретінде нығайта түседі.
«Бұл — тек жаңа бағыттардың ашылуы ғана емес, бүкіл аймақтың экономикалық, мәдени және туристік әлеуетін арттыруға арналған стратегиялық қадам», – деп атап өтті сарапшылар.
Халықаралық бағыттардың кеңеюі Шымкенттің жаһандық байланыстарын күшейтіп, туризм мен көлік саласын халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Бұл — Президент Жолдауында белгіленген аймақтық туризм мен көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту бағытының нақты іске асуы.




