Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков есепті кездесулердің соңғы күнінде Тоғыз, Тұрдыабад тұрғын алаптарының, сондай-ақ Қаратөбе мен Алатау көшелерінің және «Жеңіс» саябағының жанындағы үйлердің тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында жергілікті халық өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Жиында тұрғындар тарапынан жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, өзен жағалауын абаттандыру, «Бадам» су қоймасының айналасын көріктендіру сияқты маңызды сұрақтар көтерілді. Сонымен қатар, шалғайда орналасқан көшелерді жарықтандыру, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Оқушылар сарайын» салу қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, автотұрақтар ұйымдастыру, жаяу жүргіншілерге қауіпсіз өткелдер салу, суару жүйелерін жолға қою сынды ұсыныстар да айтылды.
Қала басшысы өз сөзінде соңғы жылдары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту үшін Сайрам тұрғын алабында жаңа сорғы станциясы іске қосылды. Ал Базарқақпа шағын ауданында Мәдениет үйі қайта салынып, халық игілігіне берілді. Келесі жылы «Қазығұрт» мәдениет үйін қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, соңғы екі жылдың ішінде Қаратөбе, Еламан, Қарабастау, Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптарына табиғи газ тартылды. Бұл – тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да ықпал ететін маңызды қадам. Қаланың шығыс бөлігінің көліктік қолжетімділігін жақсарту мақсатында Момынов және Тіленшин көшелерінде екі ірі автомобиль өткелінің құрылысы басталды.
Жол инфрақұрылымына қатысты да оң өзгерістер бар. Бүгінде Еңбекші ауданында 57 шақырым жаңа жол төселді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 73 шақырымнан асыру жоспарланған. Бұған қоса, аудандағы 530 көше жарықтандырылып, тағы 85 көшеге жыл соңына дейін жарық жүйелері орнатылады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, көшпелі кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер мұқият талданып, кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталатыны атап өтілді.




