Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен кезекті «Бірыңғай есеп беру күні» іс-шарасы өтті. Бұл күн республика көлемінде жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және оның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету. Мұндай форматтағы жиындар кәсіпкерлік ортаны дамытуға, бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ олардың алдында тұрған түйткілді мәселелерді бірлесіп талқылауға бағытталады.
Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, қала прокурорының міндетін атқарушы Марлен Сламбеков, прокуратура органдарының өкілдері, аймақтық департаменттердің басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшелері, сондай-ақ қалалық бақылау-қадағалау органдары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Айдын Мейрамбекұлы өз сөзінде әкімдіктің басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлік – қаланың экономикалық дамуының негізгі драйвері, сондықтан әрбір ұсыныс пен сын-ескертпе ескерусіз қалмайды.
Ал қала прокурорының м.а. Марлен Сламбеков прокуратура тарапынан бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол заңсыз тексерулердің алдын алу, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің маңыздылығын баса айтты.
Жиында басқа да құзырлы органдардың өкілдері сөз сөйлеп, өз салалары бойынша кәсіпкерлікті дамытуға қатысты талдау нәтижелері мен алдын алу шараларын ұсынды. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, жеңілдетілген қаржыландыру көздері мен бизнеске арналған сервистік қолдау құралдары туралы ақпарат берілді.
«Бірыңғай есеп беру күні» нәтижесінде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық нығайып, өзара түсіністік пен сенім арта түсті. Бұл алаң тек есеп беру шарасы ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікті қолайлы ортада дамытуға, заңнаманы жетілдіруге және бизнес бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.




