Шымкентте су инфрақұрылымын басқарудағы цифрлық шешімдер талқыланды
Kemelnews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қаласында «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, отандық және шетелдік компаниялардың мамандары, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен сумен жабдықтау саласының сарапшылары қатысты.
Жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу – тиімділікті арттырудың ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты тетігі екенін атап өткен болатын.
Семинарда қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов мегаполистің қарқынды дамуы жағдайында су ресурстарын заманауи және тиімді басқару мәселесінің өзекті екенін атап өтті.
«Халық санының артуы, өнеркәсіптің дамуы және жаңа тұрғын алаптардың салынуы сапалы ауыз сумен қамтуды, тиімді кәріз жүйесін және сенімді инфрақұрылымды қажет етеді. Бүгінге дейін қолданылған дәстүрлі тәсілдер енді жеткіліксіз. Климаттың өзгеруі мен су тұтыну көлемінің артуы жаңа шешімдерді талап етеді. Сондықтан цифрлық құралдар мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу – Шымкент пен тұтас ел үшін басымдыққа айналып отыр», – деді Айдын Кәрімов.
Семинар барысында қатысушылар суды есепке алу және тарату жүйелерін автоматтандыру, деректерді талдау арқылы судың нақты шығынын анықтау, «ақылды су желілері» мен цифрлық платформаларды енгізу мәселелерін талқылады.
Мамандардың пікірінше, осындай бастамалар су инфрақұрылымын басқарудың тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және тұрақты экологиялық саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.




