Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Бірыңғай есеп беру күні» іс-шарасы өтті. Бұл жиын республика көлемінде дәстүрлі түрде жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде ұйымдастырылады және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалог орнатуды мақсат етеді. Іс-шара кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру үшін маңызды алаңға айналып отыр.
Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, өзінің баяндамасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнеске қолайлы жағдай жасау және ашық диалогты дамыту әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өтті. Ол қала экономикасының дамуы кәсіпкерлікке тікелей байланысты екенін және осы бағытта әрбір ұсыныс пен сын-ескертпе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Шара барысында прокуратура органдарының, аймақтық департаменттердің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қалалық бақылау-қадағалау органдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Қала прокурорының м.а. Марлен Сламбеков сөз алып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бизнеске заңсыз кедергілер келтіру деректерін болдырмау үшін кешенді шаралар қолға алынған.
Сонымен қатар, өзге құзырлы органдардың өкілдері де сөз сөйлеп, кәсіпкерлікке қатысты өз салалары бойынша талдау нәтижелерін ұсынды. Қабылданып жатқан алдын алу шаралары мен тәжірибелік ұсыныстар кәсіпкерлердің жұмысына қолдау көрсетіп қана қоймай, болашақта заңнаманы жетілдіруге де ықпал етпек.
«Бірыңғай есеп беру күні» кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, өзара түсіністік пен сенімге жол ашты. Мұндай форматтағы алаң бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға, әкімдік пен бақылаушы органдардың ашықтығын арттыруға септігін тигізді.
Жалпы, іс-шара кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болды.




