Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарына арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Шараның өтетін орны ретінде жеңіл өнеркәсіп және сервис саласында кадрлар даярлайтын жетекші оқу орны Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі таңдалып алынды.
Пресс-турдың негізгі мақсаты — колледждің білім беру мүмкіндіктерін, түлектердің жетістіктерін және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таныстыру.
Пресс-турдың екінші бөлімінде қатысушылар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің Құзыреттілік орталығына барды. Мұнда «Сән технологиясы» бойынша республикалық дайындық алаңының жұмысымен танысты. Қонақтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықтың мүмкіндіктерін көріп, студенттердің тәжірибелік сабақтарын бақылады.
Сонымен қатар, баспасөз өкілдері колледждің серіктес кәсіпорындарын аралап, олардың өндірістік үрдісімен танысты. Алдымен «АГФ» тігін фабрикасының жұмысы таныстырылып, киім тігу технологиялары мен студенттердің өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері көрсетілді. Кейін «Назар-Текстиль» кілем фабрикасына барып, өндірістік қуат, өнім сапасы және экспорттық әлеует жайлы ақпарат берілді.
Айта кету керек, колледж студенттері халықаралық аренада да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Олар «WorldSkills», «EuroSkills» және «Abilympics» чемпионаттарының жеңімпаздары атанып, 2024 жылы Франциямен бірлесіп халықаралық салалық аккредитациядан өткен. Түркиядағы колледждер және «Денизли» индустриялық аймағымен серіктестік байланыстар орнатылған. Бүгінде студенттердің 10 стартап жобасы жүзеге асырылып, оған 40-қа жуық жас қатысып жатыр. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар студенттер де «Abilympics» чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болып жүр.




