Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында жергілікті бизнес-қоғамдастық өкілдері мен «Paryz» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының басшыларының қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек қатынастарын дамыту, үшжақты комиссия жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың әлеуетін күшейту сынды өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Кездесуді ашқан Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға құттықтау сөз арнады.
«Құрметті әріптестер, бүгін біз еңбек саласындағы ең өзекті мәселелерді көтеріп, әлеуметтік әріптестікті дамытудың жолдарын қарастырамыз. Сонымен бірге, жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері туралы пікір алмасып, нақты ұсыныстар енгіземіз. «Paryz» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы 2000 жылы құрылған. Қазіргі таңда ол 23 салалық қауымдастықты біріктіріп отыр, оның құрамында 1 500-ден астам мүшесі бар. Ұйым еліміздің ірі және орта кәсіпорындарында еңбек ететін 100 000-нан астам қызметкердің мүддесін қорғайды. Айта кету керек, «Paryz» конфедерациясы БҰҰ жанындағы Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) тарапынан ресми түрде танылған», – деді ол.
Жиында конфедерацияның бас директоры Қаныбек Жаңбырбаев сөз сөйлеп, ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол халықаралық еңбек ұйымының конвенциялары мен стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатқан тәжірибелерді баяндап, еңбек нарығындағы жаңа үрдістер мен жұмыс берушілердің рөліне қатысты өз пікірін білдірді.
«Paryz» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының негізгі мақсаты – жұмыс берушілердің әлеуметтік-еңбек саласындағы құқықтары мен мүдделерін қорғау, бизнестің тұрақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру және мемлекет пен кәсіподақтармен өзара тиімді әріптестік орнату. Біздің ұйым еңбек заңнамасын жетілдіру үдерісіне белсенді араласады, жұмыс берушілер – мемлекет – қызметкерлер арасындағы үшжақты комиссия аясында жұмыс берушілердің мүддесін қорғайды. Сондай-ақ біз еңбек саласында халықаралық стандарттарды, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) нормаларын ілгерілетіп келеміз. Сондықтан баршаңызды конфедерацияға мүше болып, ортақ мақсатқа бірге атсалысуға шақырамын», – деді Қаныбек Жаңбырбаев.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, олар еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, кадрлық саясат және өндірістік процестерді ұйымдастыру мәселелерін қамтыды. Конфедерация басшылығы барлық сауалдарға нақты әрі тұшымды жауап беріп, алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарына тоқталды.
Шымкент қаласында өткен бұл кездесу әлеуметтік-еңбек саласындағы әріптестікті нығайтуға, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және бизнестің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі болды.




