Шымкент қаласының әкімі Тұран ауданындағы «Авто-Нұр» базарының айналасын абаттандыру және ретке келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Әкімдік тарапынан бұл аумаққа көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру, автотұрақ мәселесін шешу және санитарлық тазалықты тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Мұндағы басты мақсат – сауда аймағын заманауи талаптарға сай ыңғайлы әрі қолайлы ету, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру.
Сонымен қатар, қала басшысы Гагарин көшесінде салынып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысының қарқынын тексерді. Жалпы аумағы 7 000 шаршы метрді құрайтын жаңа демалыс аймағы шаһар тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи орын болмақ. Жоба аясында жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар, демалыс алаңшалары қарастырылған. Әкім жауапты мамандарға субұрқақ орнатып, аумақты абаттандырудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуді және нысанды ұқыпты күтіп ұстауды тапсырды.
Бұдан бөлек, қала әкімі «Қарасу» тұрғын алабындағы өзен үстінен өтетін көпірдің қазіргі жағдайын арнайы барып көрді. 1965 жылы салынған бұл көпірдің әбден тозығы жеткені анықталды. Құрылыс қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндіктен, тұрғындар тарапынан алаңдаушылық туындаған. Көшпелі кездесуде жергілікті халық жаңа көпір салу қажеттігін айтты. Осыған байланысты әкім жауапты басқармаларға заманауи, сенімді әрі ұзақ мерзімге шыдайтын жаңа көпір тұрғызу жөнінде нақты тапсырма жүктеді.
Сондай-ақ, қала басшысы Еңбекші ауданының «Бадам» шағынауданында демеушілер есебінен бой көтеріп жатқан ангар үлгісіндегі спорт кешенінің құрылысымен танысты. Бұл нысан пайдалануға берілген соң, жастардың спортпен шұғылдануына жаңа мүмкіндік тумақ. Әкім құрылыс қарқынын жеделдету, сапаны қатаң қадағалау, кешенді заманауи спорт жабдықтарымен толықтыру және оның айналасында қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Жалпы, әкімнің бұл сапары қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шаралардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетті.




