Четверг, 1 октября, 2026
15.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Инвестициялық бағдарлама Шымкенттің жылу желілерін жаңартты

Шымкент қаласында 2022–2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жоба Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Жылу жүйелерін жаңартуға шамамен 82 миллион теңге бөлінген.

Қаланың 100% жылумен қамтамасыз етіп отырған «Куатжылуорталық-3» кәсіпорны қазір құбырларды ауыстыру және көпқабатты үйлерді оппресстеу жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, «Күншығыс» шағынауданындағы №11, №11а және №106 үйлердің желілері толық реконструкцияланды. Бұл жұмыстарға 16 миллион теңге жұмсалған.

«Бекітілген бағдарламаға сәйкес бес жылға 84 миллион теңге қарастырылған. Биыл біз 16 миллион теңгеге 454 метр жылу құбырын жаңарттық. Ескі, апатты желілер толығымен ауыстырылды, енді тұтынушылар жылуды үздіксіз алып отыр», – деді «Куатжылуорталық-3» МКК директорының орынбасары.

Жаңғыртудың нәтижелері

Жұмыстардың барысын табиғи монополияларды реттеу мамандары бақылауда. Бағдарлама жүзеге асқалы бері жылу желілеріндегі апаттар саны 29,4%-ға азайып, жылу шығыны 0,1%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштердің өзі жылу сапасының айтарлықтай жақсарғанын білдіреді.

«Жылу шығынының 0,1%-ға төмендеуі – елеулі нәтиже. Барлық құбырлар кезең-кезеңімен жөндеуден өтеді. Бұл – қайта инвестиция салу іспетті қадам. Әрине, бөлінген қаражат жеткіліксіздеу. Бірақ монополистер қаржыландыру жыл сайын көбейетінін айтып отыр. Бұл – тек бастамасы. Ең бастысы, жылу балабақша, мектеп немесе аурухана болсын, барлық нысанға жетуі тиіс», – деді қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Позилов.

Айта кетейік, 2025 жылғы бағдарламаның қорытындысы бойынша 454 метр жылу трассасы жаңартылған. Бөлінген 16 миллион теңгенің шамамен 4 миллионы үнемделген.

Шымкенттің жылу жүйесі

Бүгінде «Куатжылуорталық-3» мекемесі Шымкенттің барлық жылу желілерін толықтай қамтамасыз етеді. Қалада қазір 2154 көпқабатты үй, 279 әлеуметтік нысан (оның ішінде мектеп, балабақша, аурухана), сондай-ақ 238 заңды тұлға орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 823,8 шақырымды құрайды, оның ішінде 150 шақырымы магистральдық, ал 673,8 шақырымы квартал ішілік желілер.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар