Шымкентте түрік инвесторы “Alarko Holding” ірі жылыжай кешенін салып жатыр
деп хабарлайды Kemelnews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласында Түркияның “Alarko Holding” компаниясы (Қазақстанда «Alsera KZ» ЖШС ретінде тіркелген) жалпы аумағы 650 гектарды қамтитын ірі жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба екі кезеңнен тұрады және елдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Бірінші кезең – 2026 жылға дейін
Жобаның алғашқы кезеңі бойынша 208,45 гектар аумақта жылыжай құрылысы жүргізілуде.
Бұл мақсатқа 226 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағытталған.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың тамыз айында басталған, қазіргі уақытта олардың 10 пайызы орындалды.
Алғашқы өнімдер 2026 жылдың соңына дейін өндіріле бастайды деп жоспарлануда.
Екінші кезең – 2027–2031 жылдар
Келесі бес жыл ішінде қосымша 441,45 гектар аумақта жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылады.
Бұл кезеңнің инвестициялық көлемі 423,6 млн АҚШ долларын құрайды.
Жоба толық қуатына шыққанда, жылыжай кешені жыл сайын 155 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өндіреді.
Нәтижесінде 5 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Инвесторға табиғи грант ретінде “Бозарық” индустриялық аймағынан 208,45 гектар жер телімі бөлінді.
Кешеннің басты мақсаты – ішкі нарықты сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету,
сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайту және бағаның маусымдық ауытқуын тұрақтандыру.
Өнімнің бір бөлігі экспортқа шығарылып, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосады.
Сонымен бірге, жоба аясында су мен электр энергиясын үнемдейтін заманауи технологиялар қолданылады.
Бұл экологиялық тиімділікті арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Жылыжай кешенінің іске асуы нәтижесінде логистика, қайта өңдеу және қаптама өндірісі сияқты байланысты салалар дамиды.
Жаңа жеткізу тізбектері қалыптасып, өңірдің агроөнеркәсіптік инфрақұрылымы нығаяды.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 12,2 млрд теңге болатын 5 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Олардың қатарында екі тауарлы сүт фермасы және үш көкөніс сақтау қоймасы бар. Бұл нысандарда 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.




