2025 жылғы 28 қыркүйекте Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінің «Намыс» стадионында QJ League Лига В футбол чемпионатының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл маңызды шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жеңімпаз атанған «Оңтүстік» футбол клуб-академиясын құттықтады.
Әкім өз құттықтау сөзінде жастар арасында спортты дамыту – қаланың негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол жас спортшылардың кәсіби шыңдалуына барлық жағдай жасалып жатқанын ерекше атап өтіп, спорттың командалық рухты қалыптастырып, мінезді тәрбиелеуде, сондай-ақ жаңа жетістіктерге жол ашудағы маңызын баса айтты.
Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде:
– Спорт – бұл командалық рухты қалыптастырып, мінезді тәрбиелейтін, сонымен қатар жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды сала. Бүгінгі жеңіс – төзімділік пен табанды еңбектің, ұжымдық бірліктің нақты нәтижесі. «Оңтүстік» футбол клуб-академиясы қатарынан екінші жыл чемпион атанып, жоғары деңгейдегі дайындық пен тұрақтылықты көрсетті. Бұл – бүкіл команда мен бапкерлер құрамының ерен еңбегінің жемісі, – деді.
«Оңтүстік» футбол клуб-академиясы QJ League Лига В чемпионатына үшінші маусым қатарынан қатысып келеді. Алғашқы жылы бесінші орыннан көрінген команда кейінгі екі маусым бойы үздік шығып, қатарынан чемпион атанды. Бұл – олардың спорттық шеберлігін, табандылығын және бірлесе жұмыс істеу қабілетін айқын көрсететін жетістік.
Сонымен қатар, әкім бұл жеңіс жастарға шабыт сыйлап, өскелең ұрпақты спортқа ынталандыруда үлкен рөл атқаратынына сенім білдірді. Ол команданың табысы тек клубтың ғана емес, бүкіл қала спортшыларына мотивация беретінін айтып, барлық қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Осылайша, Шымкент қаласында өткен марапаттау рәсімі тек спорттық жетістіктерді дәріптеп қана қоймай, жас буынға серпін беретін, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды мәдени-спорттық оқиғаға айналды.




