Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Түркістан облысында экология мен су ресурстарын қорғауға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және жасыл экономика қағидаттарын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысында экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы нақты жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның бірі – Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан минералды су өндіру зауыты. Аталған жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, табиғи байлықтарды сақтау мен тиімді игерудің заманауи үлгісін қалыптастыруға бағытталған.

Келес ауданында орналасқан Жүзімдік елді мекенінде салынып жатқан минералды су зауыты бүгінгі таңда аяқталу сатысында тұр. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев өңірге арнайы жұмыс сапарымен келіп, нысанның құрылыс және дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында халық қалаулыларына зауыттың техникалық мүмкіндіктері, өндірістік қуаты, экологиялық талаптардың сақталуы және жобаның болашақ даму бағыттары жөнінде толыққанды ақпарат ұсынылды.

Қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи технологиялық құрал-жабдықтар жеткізілген. Бүгінде өндірістік желілерді монтаждау, іске қосу алдындағы сынақ жұмыстарын жүргізу және автоматтандырылған басқару жүйелерін бейімдеу жұмыстары атқарылуда. Жоба толық іске қосылған жағдайда өндіріс процесі халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде өндірілетін өнімнің сапасын арттыруға, табиғи су көздерінің сақталуын қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға түсетін жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Экология мен су ресурстарын қорғау мәселесі қазіргі таңда әлемдік деңгейде ерекше маңызға ие. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және қоршаған ортаның ластануы табиғи ресурстарды пайдалануда жауапкершілікті күшейтуді талап етеді. Осы тұрғыда Келес ауданындағы минералды су зауыты табиғи байлықты сақтай отырып, экономикалық тиімділікке қол жеткізудің нақты тетігі ретінде қарастырылып отыр. Өндіріс барысында су көздерін қорғау, су шығынын азайту және тазалау жүйелерін қолдану арқылы экологиялық қауіпсіздікке басымдық берілмек.

Жобаның негізгі мақсаты – табиғи минералды суды экологиялық талаптарға сай өңдеп, тұтынушыларға ұсыну. Бұл бағытта су сапасын сақтау, оның табиғи құрамын бұзбау және санитарлық-гигиеналық талаптардың толық орындалуын қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар өндірістік процестерде суды қайта пайдалану және үнемдеу тетіктері енгізіліп, қалдық суларды тазалау жүйелері арқылы қоршаған ортаға кері әсерді азайту жоспарланған.

Келес ауданындағы өндіріс орны жасыл экономика қағидаттарына толық сәйкес келеді. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, энергия тиімді технологияларды енгізу, экологиялық таза өнім шығару және өндірістік қалдықтардың көлемін азайту – жобаның басты басымдықтарының бірі. Зауытта «SunDala» брендімен минералды су және лимонадтық сусындар өндірілмек. Өнімдер ішкі нарыққа шығарылып қана қоймай, экспортқа да бағытталатын болады. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңір экономикасына қосымша кіріс әкелуге мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Мұндай ауқымды инвестиция Келес ауданы мен жалпы Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Зауыт толық іске қосылған жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сонымен қатар өндіріс орнының жұмыс істеуі қосалқы салалардың, соның ішінде логистика, қоймалау және қызмет көрсету секторларының дамуына да оң әсер етеді.

Сапар барысында инвесторлар дайын өнімді сақтау және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қосымша қойма салу үшін жер теліміне қажеттілік бар екенін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қолданыстағы заңнама аясында тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Мемлекеттік органдар тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Халық қалаулылары жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, мұндай экологиялық бағыттағы өндірістерді қолдау мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясына толық сәйкес келетінін жеткізді. Табиғи ресурстарды сақтай отырып, өндірісті дамыту – ел экономикасының тұрақты өсіміне негіз болатын маңызды факторлардың бірі. Осы тұрғыда Келес ауданындағы минералды су зауыты экология мен экономиканы ұштастырған тиімді жоба ретінде бағаланды.

Түркістан облысында экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру – өңір дамуының негізгі басымдықтары болып қала береді. Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба аталған мақсаттарға қол жеткізудің нақты көрінісі саналады және өңірдің тұрақты дамуына өз үлесін қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар