Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту жасыл экономика қағидаттарына, су ресурстарын қорғауға, энергия тиімділік саясатына және экологиялық қауіпсіз өндіріс мәдениетін қалыптастыруға негізделіп отыр.
2025 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, жалпы 919 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жаздық дақылдар – 536 мың гектар, күздік егіс – 208 мың гектар, ескі жоңышқа – 175 мың гектар алқапқа орналастырылады. Бұл көрсеткіштер өңірдің аграрлық әлеуетін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыда тұрақты дамытуға бағытталған.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы ұйымдастыру мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, су және жер ресурстарын ұтымды пайдалану, сондай-ақ агротехникалық талаптарды қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын қалыптастыру барысында рентабельділігі жоғары және құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық берілген. Бұл шешім климаттың өзгеруіне бейімделу, су тапшылығының алдын алу және экологиялық тәуекелдерді төмендету мақсатында қабылданды. Атап айтқанда, мақта егісі 18 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарды, жүгері 16 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарды, ал мақсары 14 мың гектарға көбейіп, 85,5 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар бидай алқабы 24 мың гектарға қысқартылып, 216,3 мың гектарға орналастырылады.
Бұл өзгерістер су ресурстарын қорғау саясатына толық сай келеді. Себебі мақсары мен жүгері сияқты дақылдар су үнемдеуге бейім әрі топырақ құнарлылығын сақтауға оң әсер етеді. Осы арқылы өңірде экологиялық тұрақтылық пен жасыл экономика қағидаттары біртіндеп енгізілуде.
Жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасы аясында облыста күріш дақылын 3,5 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Алайда өткен жылы трансшекаралық өзендерде су тапшылығының орын алуына байланысты, биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі. Бұл шешім су ресурстарын қорғау, ирригациялық жүйелерге түсетін салмақты азайту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Жүгері және мақсары сияқты басым дақылдардың егіс көлемін арттыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктері күшейтілді. Атап айтқанда, «Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында жүгеріні субсидиялау нормативі тоннасына 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін, ал мақсарыға берілетін субсидия көлемі 10 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл шаралар шаруаларды экологиялық тиімді дақылдарды өсіруге ынталандырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады.
Қазіргі таңда облыс бойынша жер жырту жұмыстары 49 пайызға, ал сор шаю жұмыстары 2 пайызға орындалды. Агротехникалық талаптарға сәйкес, жер жырту жұмыстары наурыз айында, ал сор шаю 20 ақпанға дейін аяқталуы тиіс. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.
Энергия тиімділік саясаты аясында 2026 жылғы дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша өтінімдер қабылданып, жалпы қажеттілік 106,3 мың тонна деп анықталды. Отын босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Сонымен қатар минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қарастырылып, 134 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 203,5 мың тоннаға жетеді.
Дала жұмыстарына облыс бойынша 25,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде 15 мың трактор, 2 мың комбайн және 9 мың агрегат бар. Техникалардың 98 пайызы көктемгі жұмыстарға дайын. Биыл техника паркін жаңарту мақсатында 2 мыңнан астам техника сатып алу жоспарланып, бұл бағытқа 16 млрд теңге бөлінді. Бұл – энергия үнемдейтін, экологиялық талаптарға сай техникаларды енгізуге жасалған нақты қадам.
Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемі де артып келеді. Өткен жылы 2 333 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34,7 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл ауыл шаруашылығында экологиялық таза өндіріс пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдіктеріне бекітілген егіс құрылымын қатаң сақтау, агротехникалық шараларды мерзімінде аяқтау, су және жанар-жағармай ресурстарын тиімді пайдалану, тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу және шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының, жасыл экономика, су ресурстарын қорғау және қоршаған ортаны сақтау саясатының нақты іске асуының айқын көрінісі болып табылады. Табиғатты қорғау мен экономикалық тиімділікті қатар ұстанған бұл қадамдар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін экологиялық қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.




