Су – адамның өмірі мен экономика үшін стратегиялық ресурстардың бірі. Соңғы жылдары жаһандық климаттық өзгерістер, трансшекаралық өзендердің су көлемінің азаюы және жергілікті су тапшылығы ауыл шаруашылығы саласында жаңа талаптар қойып отыр. Сол себепті су үнемдеу технологияларын енгізу мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері Түркістан облысы үшін тек экологиялық немесе салалық сипатқа ие емес, ол – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес өңірде су үнемдеу технологияларын жедел енгізу және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру бағытында нақты, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысы – Қазақстандағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігіне ие аймақ. Бұл өңір республикадағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ын өндіреді, жыл сайынғы өнім көлемі 1 трлн теңгеден астам. Сол себепті су ресурстарын басқару және үнемдеу шаралары облыс үшін стратегиялық басымдық болып табылады.
2025 жылы облыста су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болса, нақты көрсеткіш 59 мың гектарға жетті. Бұл көрсеткіштің ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілген. Жоспар екі есеге артығымен орындалғаны, өңірде Мемлекет басшысының тапсырмалары нақты нәтиже беріп жатқанын айқын дәлелдейді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары 114 мың гектар алқапта қолданылып, 195 млн текше метр су үнемделді. Жоспарланған жүйелі іс-шаралар аясында жыл сайын қосымша 50 мың гектарға жаңа технология енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте 2030 жылға қарай 364 мың гектар жерден 622,8 млн текше метр су үнемдеу жоспарланған, бұл көрсеткіш трансшекаралық өзендерге тәуелді оңтүстік аймақтар үшін стратегиялық маңызды.
Су үнемдеу технологияларын қолжетімді ету, ішкі өндірісті дамыту және аграрлық сектордағы инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында облыста 163 мың гектарға арналған 4 кәсіпорын іске қосылды. Биыл тағы 2 кәсіпорын, 30 мың гектарды қамтитын қуатпен пайдалануға беріледі. Бұл шаралар тек облыстың емес, көршілес өңірлердің су ресурстарын тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ерекше назар аударатын бағыт – ылғал сүйгіш дақылдарды жаңа технологиямен өсіру. 2025 жылы мақта дақылын дәстүрлі әдіспен егу көлемі 92,3 мың гектар болса, жаңа технологиямен 52,2 мың гектарға артты. Нәтижесінде гектарынан 60 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігі өндірісте дәлелденді, ал су шығыны 89,3 млн текше метрге қысқарды. Биыл мақта дақылын жаңа технологиямен 79,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Елімізде алғаш рет күріш дақылы тамшылатып суару әдісімен пилоттық негізде егілді. Дәстүрлі тәсілде гектарына 26 мың текше метр су жұмсалса, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 15 мың текше метрге дейін азайды. Бұл тәжірибе трансшекаралық өзендерге тәуелді оңтүстік аймақтар үшін стратегиялық маңызды және суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейтуге жол ашады.
Су үнемдеу технологияларын енгізудің тағы бір маңызды аспектісі – жасыл экономика қағидаттарын іске асыру. Су ресурстарын үнемдеу арқылы ауыл шаруашылығы саласы экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізеді, энергетикалық шығындар азайып, химиялық тыңайтқыштар мен жергілікті ресурстар тиімді пайдаланылады. Сонымен қатар энергия тиімділігін арттыру, газдандыру және автоматтандырылған суару жүйелерін қолдану арқылы өңірде экологиялық таза өндіріс пен «Таза Қазақстан» акциясының мақсаттары толықтай қол жеткізілуде.
Су үнемдеу технологияларының кеңінен енгізілуі ауыл шаруашылығында тұрақты даму моделін қалыптастырып қана қоймайды, сонымен қатар экологиялық туризмнің дамуына, жергілікті табиғатты сақтауға, ауылдық жерлерде экологиялық мәдениетті нығайтуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы бұл бағыттағы жұмыстар арқылы қоршаған ортаны қорғау мен ұлттық қауіпсіздікті сақтау арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етіп отыр.
Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан су ресурстарын басқару және үнемдеу шаралары, жаңа технологияларды енгізу, өндірістік тәжірибені жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық бастамаларды қолдау – өңірдің тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздіктің стратегиялық бөлігіне айналған.




