Түркістан облысында өңірдің туристік әлеуетін арттыру, сәулеттік келбетін жақсарту және заманауи, қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске салалық басқармалардың басшылары, жауапты мекемелердің өкілдері, қала және аудан әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ инвесторлар қатысты.
Кеңес барысында өңір басшысы күн тәртібіне шығарылған әрбір жобаны егжей-тегжейлі саралап, сәулет саласындағы сарапшылар мен инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Жиында ұсынылған жобалардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, туристік тартымдылығына және қала инфрақұрылымына ықпалы жан-жақты талқыланды.
Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы экономикалық аймақтарда және өзге де аумақтарда жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларға қатысты нақты талаптарды атап өтті.
– Арнайы экономикалық аймақта салуға ұсынылған жобаларды қолдаймыз. Алайда барлық бастамалар жауапты басқармалар мен салалық мамандардың жан-жақты сараптауынан өтуі тиіс. Егер құрылыс уақтылы басталмаса немесе инвестор өз міндеттемелерін орындамаса, заң аясында жер телімдері қайтарып алынады. Сонымен қатар аудандардың сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандырылған әрі қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған ұсыныстарды терең талдап, белгіленген мерзімде жүзеге асыру қажет, – деді облыс басшысы.
Кеңестің күн тәртібіне өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған барлығы 13 мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданындағы бірқатар көшелерді абаттандыру және «Рамадан» каналы бойын көркейту жобалары қаралды. Бұл жобалар аудан орталығының көркін арттырып, тұрғындар мен туристер үшін жайлы серуен аймақтарын қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар Көктерек кентінің даму тұжырымдамасы мен санаторийлік-курорттық орталық салу жобасы таныстырылды. Аталған жоба аймақтың емдік-сауықтыру әлеуетін тиімді пайдалануға, медициналық және сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған. Сарапшылар жоба аясында инженерлік инфрақұрылымның жеткіліктілігіне, экологиялық талаптардың сақталуына және сәулеттік шешімдердің үйлесімділігіне назар аудару қажеттігін атап өтті.
Мәжілісте Отырар ауданының сәулеттік келбетін дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Инвестор есебінен жүзеге асырылуы жоспарланған кешенді жоба таныстырылып, оның құрамына тарихи Отырар қалашығын орта ғасырлық үлгіге сай қайта жаңғырту арқылы туристік орталыққа айналдыру ұсынысы енгізілді. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраны сақтау мен туризмді дамыту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
Сонымен бірге тағы бір инвестор Отырар ауданында ерекше туристік кластер құруды ұсынды. Жоба аясында шөл аймағында қонақүй, туристерді қабылдау орталығы, шығыс үлгісіндегі монша салу, сондай-ақ ежелгі Отырар кітапханасы туралы аңызды жаңғырта отырып, кітапхана мен мұражай кешенін тұрғызу көзделген. Бұдан бөлек, Отырар мен Сауран қалашықтары арасында туристер үшін түйе керуенін ұйымдастыру жоспары да ұсынылды. Аталған бастама өңірдің тарихи-мәдени туризмін дамытуға тың серпін беруі мүмкін. Жоба жан-жақты зерделеніп, іске асыру тетіктері бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.
Кеңесте Түркістан қаласының аумағындағы бірқатар ірі жобалар да назарға алынды. Атап айтқанда, «Жаңа қала» аумағында салынатын ресторандар, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені мен қонақүй жобалары, сондай-ақ медициналық туризмге арналған нысанның жобасы таныстырылды. Бұл бастамалар Түркістан қаласының туристік инфрақұрылымын нығайтып, қалаға келетін туристер санының артуына ықпал етеді.
Сонымен қатар Түркістан қаласында «қала ішіндегі қала» қағидатына негізделген кешенді даму ұсынысы қаралды. Бұл тұжырымдама тұрғындарға, қонақтарға және инвесторларға арналған көпфункционалды кеңістік қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында тұрғын үй, коммерциялық нысандар, қоғамдық кеңістіктер мен рекреациялық аймақтар біртұтас сәулеттік шешімде қарастырылады.
Кеңес барысында Түркістандағы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру және ХХ ғасырға тиесілі көне ғимараттарды ретке келтіріп, оларды туристік орталықтарға айналдыру мәселелері де талқыланды. Бұл жұмыстар қаланың тарихи бөлігін сақтай отырып, заманауи туристік инфрақұрылыммен үйлестіруге бағытталған.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Түркістан облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов ұсынылған жобаларға қатысты жан-жақты ақпарат беріп, олардың сәулеттік талаптарға сәйкестігіне, қала кеңістігіне ықпалына және инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебаев арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған жобалардың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын баяндады.
Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев баяндама жасап, қалалық кеңістікті кешенді дамыту, қоғамдық орындарды абаттандыру және туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы ұсыныстарды таныстырды.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік талаптардың қатаң сақталуына, заманауи шешімдер мен ұлттық нақыштың үйлесімді ұштасуына, сондай-ақ тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
– Әрбір жоба өңірдің даму стратегиясына сай болуы тиіс. Сәулет – тек ғимарат салу емес, ол халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған құрал. Сондықтан барлық нысандар сапалы, функционалды әрі эстетикалық тұрғыда талапқа сай болуы қажет, – деді облыс басшысы.
Жалпы алғанда, сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте қаралған бастамалар Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыруға, тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға және өңірді халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылуы Түркістанның сәулеттік келбетін жаңартып, экономикалық және туристік дамуына серпін береді.




