Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы теміржол вокзалы маңы мен ескі шаһар аумағын аралап, бірқатар тарихи нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Жұмыс сапары барысында теміржол инфрақұрылымына іргелес орналасқан ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктерін сақтай отырып, оларды туристік және мәдени бағытта дамыту мәселелері жан-жақты зерделенді.
Сапар аясында облыс әкімі Абылайхан көшесінде орналасқан «Жолаушылар көлігі орталық дирекциясы» ғимаратына арнайы барып, нысанның техникалық жағдайы мен әлеуетін бағалады. Жалпы аумағы 0,35 гектарды, ал ғимараттың көлемі 735 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда тарихи келбетін сақтай отырып, мұражай ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар келушілерге арналған дәмхана мен фудкорт орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Аталған жоба қала қонақтары мен тұрғындары үшін қолайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға бағытталған.
Облыс басшысы сондай-ақ Абылайхан көшесінде орналасқан «Бригадашылар үйі» ғимаратымен де танысты. Жалпы аумағы 0,11 гектарды, ал көлемі 367 шаршы метрді құрайтын бұл нысанды қайта жаңғырту көзделуде. Жобалық жоспарға сәйкес, ғимаратта теміржол саласының тарихын дәріптейтін мұражай ашылып, келушілерге арналған шағын дәмхана ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар Тәукехан көшесінде орналасқан жергілікті маңызы бар сәулеттік нысандар кешені де назардан тыс қалмады. Жалпы аумағы 0,42 гектарды қамтитын бұл аумақта төрт ғимарат орналасқан. Оның ішінде бір ғимараттың көлемі 500 шаршы метрді құраса, қалған ғимараттардың жалпы аумағы 2000 шаршы метрді құрайды. Бұдан бөлек, аумақта 2500 шаршы метрлік сквер бар. Жобалық тұжырымдамаға сәйкес, ғимараттардың сәулеттік бейнесі сақталып, олар мұражай ретінде пайдаланылып, теміржол тақырыбындағы мәдени-танымдық сквер ретінде абаттандырылмақ.
Аталған жобалардың жүзеге асуы Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттырып, теміржол вокзалы маңындағы аумақты заманауи әрі мәдени-танымдық туристік аймаққа айналдыруға мүмкіндік береді. Тарихи мұраны сақтау мен заманауи инфрақұрылымды үйлестіруге бағытталған бұл бастамалар қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді.
Айта кету керек, Түркістан теміржол вокзалы – еліміздегі ең көне әрі тарихи вокзалдардың бірі. Деректерге сүйенсек, вокзал ғимараты 1904 жылы салынған. 120 жылдан астам уақыт бойы елге қызмет етіп келе жатқан бұл нысан Түркістан қаласының экономикалық дамуына серпін беріп, қала аумағының кеңеюіне, жаңа қоныстардың қалыптасуына және туристер санының артуына елеулі үлес қосты. Вокзал мен оның айналасында орналасқан тарихи ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктері өткен ғасырлардан сыр шертетін құнды мұра ретінде бағаланады.
Жобалар толық зерделеніп, тиісті есептер мен ұсыныстар дайындалғаннан кейін алдағы уақытта нақты шешімдер қабылданатын болады.




