Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытында атқарылып жатқан кешенді әрі жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен өз нәтижесін беріп келеді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы игі бастамалар аясында Еңбекші ауылдық округіне қарасты Шұғыла және Нұрлытаң ауылдарына табиғи газ беріліп, аудан тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды. Аталған екі елді мекен Мақтаарал ауданындағы жалпы 68 елді мекеннің ішінде табиғи газға қосылған 66-шы және 67-ші ауылдар болып отыр. Бұл – аудан тарихындағы маңызды әрі айтулы жетістіктердің бірі.
Табиғи газдың берілуіне орай аталған ауылдарда салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, ауданның тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов, газбен қамтамасыз етуші мекеменің өкілдері, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, ауылдық округ басшылығы, ардагерлер, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, табиғи газдың ауыл өміріндегі маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет тарапынан инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларға, әсіресе ауылдық елді мекендерді газдандыру ісіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Табиғи газ – бұл ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын арттыратын, экологиялық жағынан тиімді әрі қауіпсіз отын түрі. Шұғыла мен Нұрлытаң ауылдарының газға қосылуы – ауданымыз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта Еңбекші ауылдық округіне қарасты Т.Жайлыбаев елді мекенін де табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, Мақтаарал ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылған ауданға айналады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов атқарылған жұмыстардың барысы туралы ақпарат беріп, газ жүйесін жүргізу барысында барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарының толық сақталғанын жеткізді. Оның айтуынша, газ құбырларын тарту, үйлерді қосу және іске қосу жұмыстары тиісті нормаларға сәйкес жүргізілген.
Газ беру рәсімі барысында символикалық түрде көгілдір отынның краны ашылып, ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышты сәттің куәсі болды. Жиналған жұртшылық бұл игі істің жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға, сала мамандарына және жергілікті атқарушы органдарға өз ризашылықтарын білдірді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, табиғи газдың келуі олардың күнделікті тұрмысын едәуір жеңілдетіп, отынға кететін шығынды азайтады. Бұған дейін көмір, отын немесе сұйытылған газ пайдаланған тұрғындар үшін табиғи газ – әрі үнемді, әрі қауіпсіз балама болып отыр. Сонымен қатар, табиғи газды пайдалану арқылы экологиялық жағдайдың жақсарып, ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың азаюына да мүмкіндік тумақ.
Іс-шара аясында газ қызметінің мамандары мен төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері ауыл тұрғындарына табиғи газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар газ жабдықтарын дұрыс пайдалану, тұрмыстық газ құрылғыларын орнату және күтіп ұстау, желдету жүйесінің маңыздылығы, газдың иісі сезілген жағдайда атқарылатын іс-қимылдар туралы нақты әрі пайдалы кеңестер берді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын атап өтіп, газға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындарға арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, байланыс нөмірлері ұсынылды.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында табиғи газбен қамту жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары аудан аумағындағы елді мекендерді газдандыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, нәтижесінде көптеген ауылдар көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпалын тигізуде.
Аудан басшылығы алдағы уақытта да инфрақұрылым саласын дамыту, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Табиғи газбен қамту – сол мақсаттарға жетудегі маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.
Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған нақты істердің айқын көрінісі болып табылады.




