Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен арнайы кездесу өткізді. Мақтаныш пен шабытқа толы жиында спортшылар өз әсерлерімен бөліссе, қала басшысы олардың жетістіктерінің тек Шымкент үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Бұл жеңіс қазақстандық спорт тарихына алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.

ЖАСТАР ҮЛГІСІ – АҒАЙЫНДЫ САБЫРХАНДАР

Кездесу барысында ағайынды Сабырхандардың жетістігі ерекше атап өтілді. Махмұд Сабырхан әлем чемпионатында тұғырдың ең биік сатысына екінші мәрте көтерілсе, небәрі 19 жастағы Төрехан алғаш рет чемпион атанып, ел тарихында жаңа бет ашты. Олардың табандылығы мен жеңіске деген жігері жас буынға үлгі болды.

ШЫМКЕНТ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ БАСҚА ДА ЖЕТІСТІКТЕРІ

Жерлестеріміз тек бокста ғана емес, өзге спорт түрлерінде де айтарлықтай жетістікке жетіп жүр. Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын медаль иеленді. Ал тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық турнирде топ жарды. Сондай-ақ, қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы чемпионатта жеңіске жетіп, өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді.

«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай тамаша нәтижелерге жеткізеді. Спортшыларымыздың жеңістері жастарға шабыт сыйлап қана қоймай, Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін нығайтады», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Жиын барысында жеңімпаздарға демеушілердің қолдауымен автокөліктер табысталды. Әкім спортшылардың бапкерлері мен тәлімгерлеріне де ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тіледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар