Тұран ауданына қарасты Арғымақ шағын ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қолайлы жағдай қалыптастыруға және инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Қазіргі таңда Арғымақ шағын ауданында орта білім беретін мектеп салынбаған. Дегенмен, 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан Құлагер шағын ауданында 2024 жылы заманауи талаптарға сай салынған 1200 орындық №147 мектеп қолданысқа берілді. Аталған жаңа білім ордасы тек Құлагер шағын ауданының ғана емес, Арғымақ тұрғындарының да балаларына білім алу мүмкіндігін беріп отыр. Бұдан бөлек, шамамен 3 шақырым жерде орналасқан Ақжар шағын ауданындағы №122 мектеп те осы аумақтағы оқушыларға қолжетімді. Арғымақ шағын ауданындағы мектеп жасындағы балалардың жалпы саны 500-ге жетпейтіндіктен, жаңа мектеп салу жоспарда қарастырылмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Арғымақ шағын ауданында 50 балаға арналған «Арғымақ» жекеменшік балабақшасы жұмыс істеп келеді. Бұған қоса, Құлагер мен Ақжар шағын аудандарында орналасқан балабақшалар да бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамтып отыр. Мамандардың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жеткілікті болуы себебінен қосымша балабақша салу қажеттілігі туындамаған.
Медициналық қызмет көрсету саласында да тұрғындар назардан тыс қалмаған. Арғымақ шағын ауданында жеке емхана салынбағанымен, тұрғындарға жақын маңдағы Ақжар шағын ауданында орналасқан №11 қалалық емханаға қарасты амбулатория медициналық қызмет көрсетуде. Халық санының аз болуына байланысты Арғымақтың өзінде бөлек медициналық нысан салу әзірге жоспарға енгізілмеген.
Инфрақұрылым мәселесіне келсек, Арғымақ шағын ауданындағы барлығы 12 көшенің сегізі қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелермен толық қамтамасыз етілген. Бұл көшелерде жарықтандыру, ауыз су, электр желісі және басқа да инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген. Аудандағы 256 тұрғын үйдің шамамен 160-ында халық қоныстанып, тіршілік етіп жатыр. Қалған жер телімдерінде құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда.
Жалпы алғанда, Арғымақ шағын ауданында туындаған әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы уақытта ауданның дамуына қатысты нақты жоспарлар жасалып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар жалғасын табады.




