Президент Жолдауы: агросектор мен цифрландыруға басымдық
Kemelnews.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрландыру, өнеркәсіпті дамыту, азаматтардың тұрмысын жақсарту және ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды ұсыныстар айтты. Президент атап өткендей, бүгінде өнімді терең өңдеуді қамтамасыз ету, шикізат күйінде қалып қоймауына жол бермеу – басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта ғылымды дамыту ауыл шаруашылығының ілгерілеуіне негіз болады. «Агроғылым дамымаса, ауыл шаруашылығы саласы алға баспайды», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру тапсырылды. Бұл жүйеде жасанды интеллект арқылы жерүсті және жерасты суларына қатысты деректер жиналып, каналдар, су қоймалары мен бөгеттердің жағдайы туралы толық ақпарат қамтылатын болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып, су ресурстарын басқаруды жаңа деңгейге көтереді.
Ауыл шаруашылығы – елдің әлеуетті саласы. Алайда оны толық игеру үшін кешенді шаралар қажет. Қазақ халқының болмысы ауылмен тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан агросекторды дамыту – экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы зор стратегиялық міндет. Нарыққа бейімделу, бәсекеге қабілетті өнім шығару ауыл шаруашылығының жаңа белеске көтерілуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қаржыны нақты қажет салаларға бағыттап, тәртіп орнату – басты талап. Бұл елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ұзақ мерзімді даму перспективасын айқындайды.
Осы мәселелер жөнінде пікір білдірген Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев Президенттің бастамаларын дер кезінде көтерілген маңызды қадамдар деп бағалады. «Ауыл шаруашылығын дамыту – ұлттың өзегі. Айтылған міндеттер кешенді түрде жүзеге асса, агросектордың әлеуеті толық ашылып, халқымыздың тұрмысына үлкен серпін береді», – деді ол.




