Еңбекші ауданында 728 көшенің жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайды. Оның 595,16 шақырымы асфальт, 125,98 шақырымы тас, ал 11,84 шақырымы топырақ жамылғысынан тұрады. Былтыр 24 көше (10,5 шақырым) жөнделсе, 2025 жылы 72 көшеге (34,3 шақырым) орташа жөндеу жүргізіледі, қазіргі таңда оның 90 пайызы орындалған.
Аудан аумағында 215 көшеге 256,3 шақырым аяқ жол төселген. Оның ішінде 51 көшеде қайта жөндеуді қажет ететін 33,98 шақырым жол бар. Алдағы жылдары тағы 57 шақырымға жаңа аяқ жол салу жоспарланған. 2024 жылы 23, 2025 жылы 22 көшеге аяқ жол төселді. Биыл бүлінген жолдар Сайрам көшесінде қалпына келтірілді, ұзындығы – 2,8 шақырым. Жөндеу жұмыстары барысында 162 жарықшам бағанасы жаңартылды.
Күз бен көктемде жауын-шашын суларының басып кету қаупін азайту үшін зерттеу жүргізіліп, 57 мекен-жай анықталған. 2025 жылы 20 мекен-жайға арықтар қойылып, оның 5-еуінде жұмыстар аяқталды. Олар – Уалиханов көшесінің ішкі орамы, Айтжанов, Орынбай ақын, Уалиханов және Азат шағынауданы, Ақдала көшесі.
Аудан аумағында 285 көпқабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы 47 аула абаттандырылып, 17 мекен-жайға балалар ойын алаңшасы орнатылды. 2025 жылы 47 жобаның 39-ы аяқталды, қалғандары жоспар бойынша іске асуда.
Еңбекші ауданында 61 ашық спорт алаңшасы бар. 2024 жылы 8, 2025 жылы 9 жаңа алаңша салынып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалды. Сонымен қатар гүлзарлар құрылыс жұмыстары да жүргізілуде: 2024 жылы 5 әкімшілік, 2 демеуші есебінен салынды, 2025 жылы 8 жаңа гүлзар салынуда.
Аудан аумағында 192 көшедегі үйлерге 7 336 дана көше атауы мен үй нөмірі көрсетілген тақтайша орнатылған. 2025 жылы 207 көшеге 9 015 дана тақтайша қою жоспарланып, қазіргі таңда 56 көшеге 1 850 дана тақтайша орнатылды.
Қорыта айтқанда, Еңбекші ауданында жол жөндеу, жарықтандыру, тұрғындарды сумен, газбен, электр энергиясымен қамту және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, мегаполистің инфрақұрылымы дамыған ауданға айналуына негіз қалануда.




