Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ГАЗДАНДЫРУ – ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ МЕН ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде елді мекендерді табиғи газбен қамту – басым бағыттардың бірі. Осы игі істердің нақты нәтижесі ретінде Ордабасы ауданына қарасты Шұбар аумағындағы Жусансай ауылы табиғи газға қосылып, тұрғындар көптен күткен қуанышқа кенелді.

Осы айтулы оқиғаға орай Жусансай ауылында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, ардагерлер, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Атап айтқанда, салтанатты шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, сондай-ақ ауылдың сыйлы ақсақалдары мен тұрғындар жиналды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, табиғи газдың ауыл халқы үшін маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол көгілдір отынның тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға, отбасылық шығындарды азайтуға және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, газдандыру жұмыстары мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жүйелі саясаттың нәтижесі екенін жеткізді.

Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Олар мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың ауыл халқы үшін жасап жатқан қолдауы алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей де сөз алып, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл тұрғындарына ақ тілегін арнады. Ал ауылдың ақсақалдары дәстүрге сай ақ баталарын беріп, жаңа бастаманың берекелі болуын тіледі.

Айта кету керек, соңғы жылдары Ордабасы ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып, кезең-кезеңімен көптеген ауылдар көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы Қарақұм, Төрткүл, Ынталы, Спатаев, Қызылжар және Елшібек батыр ауылдары табиғи газға қосылды. 2024 жылы Берген, Батыр ата, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол, Бірлік, Жамбыл, Көкарал, Еңбекші, Бөген және Жеңіс ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, тұрғындар тұрмысын айтарлықтай жеңілдетті.

Ал 2025 жылы Төреарық, Көлтоған, Көктөбе, Амангелді, Кемер, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай және Сарыарық ауылдары көгілдір отынға қол жеткізді. Осылайша, бүгінгі таңда Ордабасы ауданындағы 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып отыр. Нәтижесінде аудандағы газдандыру деңгейі 2023 жылғы 15 пайыздан қазіргі таңда 67 пайызға дейін артты. Бұл – аудан үшін маңызды жетістік әрі жүйелі жұмыстың нақты көрсеткіші.

Сонымен қатар, халық тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту мәселесі аудан үшін аса өзекті болып отыр. Бұл бағытта да нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Шұбарсу ауылына газ жеткізуші магистральдық құбырдың құрылысына 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған жоба облыстық салалық басқарма арқылы екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы жылыту маусымына дейін Шұбарсу ауылына табиғи газ беру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, аудан аумағындағы Аққойлы, Ақпан, Нұра, Ордабасы, Мамыр және Қарабастау ауылдарын табиғи газбен қамту мақсатында тиісті салалық басқармаға қаржы бөлуге қатысты сұраныстар жолданған. Ал Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендерінің газдандыру жұмыстарына қажетті жобалау-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Бұл ауылдарды да кезең-кезеңімен табиғи газбен қамту алдағы жоспарлардың қатарында.

Жалпы алғанда, Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына зор ықпал етуде. Көгілдір отынға қол жеткізген ауылдарда отын шығыны азайып, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар көлемі төмендейді, сондай-ақ халықтың тұрмыстық жағдайы жақсара түседі.

Жусансай ауылының табиғи газға қосылуы – аудан мен облыс көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту, соның ішінде табиғи газ, ауыз су, жол және электр желілерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар