Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жасаған Жолдауында елдің қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі заманда киберқылмыстардың алдын алу аса өзекті болып отыр. Сол себепті бұл бағытта заманауи әрі интеллектуалды жүйе құру қажет екені айтылды. Мұндай жүйе құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, ал қажет болған жағдайда тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу арқылы оны қолдаудың институционалды негізі қалыптастырылмақ.
Сонымен қатар, Президент Ұлттық банк жанынан инвестициялық корпорация құру арқылы цифрлық активтердің мемлекеттік қорын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл құрылым жаңа қаржы жүйесіндегі болашағы зор цифрлық активтерді жинақтап, стратегиялық крипторезерв ретінде ел игілігіне қызмет етпек. Мұндай бастама Қазақстанның цифрлық экономиканы дамытудағы қадамының маңызды бөлігі саналады.
Жолдауда жоғары технологиялық салаларға инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке осы бағытта бір миллиард долларға дейін шетелдік және отандық инвестицияны тартуға арналған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Бұл қадам жаңа өндірістерді ашуға, инновациялық жобаларды дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді.
Сонымен бірге, Екінші деңгейлі банктердің нақты секторды қаржыландырудағы белсенділігін арттыру қажеттігі де атап өтілді. Бұл мәселе қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқандықтан, оны кейінге қалдырмай, жүйелі түрде шешу маңызды. Банктердің негізгі капиталы мен активтері халық шаруашылығына бағытталуы тиіс, себебі олардың пайдасы дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Президенттің Жолдауында айтылған бастамалар еліміздің экономикалық даму бағытын айқындап қана қоймай, жаңа технологияларды енгізу, цифрлық қаржыны дамыту және қаржы институттарының жауапкершілігін арттыру арқылы Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық бағдар болмақ.




