Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің даму стратегиясында ерекше орын алатын ірі жоба – Алатау қаласын құру жөнінде айтты. Мемлекет басшысы қарқынды дамып келе жатқан көптеген елдерде іскерлік орталықтар жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартатын негізгі полюске айналып отырғанын атап өтті.
«Қарқынды өсіп келе жатқан көптеген мемлекетте даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған. Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жуырдағы Қытайға сапары барысында әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған доллар тұратын келісімдер жасалғанын да жеткізді. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан ірі компаниялардың бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысатын болады.
Президенттің айтуынша, келесі маңызды қадам – қаланың институционалдық негіздерін қалыптастыру. «Қаланы Үкіметке тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлық он күн ішінде әзірленуі тиіс. Бұдан бөлек, жарты жылдан асырмай, қаланы басқару режимі мен қаржылық моделін айқындайтын жеке заң қабылдануы қажет», – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы арнайы құқықтық мәртебе қалаға артықшылық беру үшін емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуын қамтамасыз ететін маңызды құрал екенін ерекше атап өтті.
Алатау қаласы аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала ретінде Smart City технологияларын енгізудің алдыңғы қатарында болады. Мұнда жасанды интеллектке негізделген шешімдерден бастап, қызметтер мен тауарлар үшін криптовалютамен төлем жасауға дейінгі тың жаңалықтардың барлығы қолданылмақ.
Президенттің сөзінше, Alatau City – болашақ Қазақстанның символына айналып, онда технологиялық серпіліс пен қолайлы өмір сүру жағдайы үйлесім табуы тиіс. Жаңа қала елімізді инновациялар орталығына айналдырып қана қоймай, халықаралық инвестицияларды тартуға, ғылым мен бизнесті ұштастыруға және жаңа буын мамандардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.




