Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім беру саласы ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты жаңғырту барысында адам капиталының сапасын арттырудың шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады», – деді Президент.
«КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ
Жолдау барысында Мемлекет басшысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасының іске асырылу барысына тоқталды. Жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде оқушыларды қабылдап отыр. Ал қалған мектептердің құрылысы алдағы үш айдың ішінде толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұл қадам – еліміздің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың бірі.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ МАМАНДАР
Президенттің айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуы әлемдік еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде. «Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық», – деді Қ.Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Al-Sana бағдарламасы іске қосылды. Ол 100 мыңға жуық студентті заманауи технологиялық жобаларға тартуды көздейді. Бағдарлама жас қазақстандықтарға тәжірибе жинақтап қана қоймай, болашақта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ НЕГІЗДЕРІ – МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ
Президент Жолдауында жасанды интеллект дағдыларын қалыптастыруды мектептен бастап үйрету қажеттігін ерекше атап өтті. «Оқушыларға арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Сонымен қатар ұстаздардың да осы технологияны меңгеру қабілеттерін дамытуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бастама тек мектеп бағдарламасын байытып қана қоймай, болашақта әрбір жас қазақстандықтың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етеді.
«QAZAQ DIGITAL MEKTEBI» – АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК
Қашықтан оқыту мен жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін құру ұсынылды. Президенттің сөзінше, мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу әдістерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Бұл – қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған маңызды қадам.
ЖЕКЕ СЕКТОРДЫҢ ҮЛЕСІ
Жолдау барысында балаларды дамыту орталықтарын салу мәселесі де қозғалды. Президенттің айтуынша, елордада жеке қаражат тарту арқылы салынған орталықтардың тәжірибесі бар, оны еліміздің барлық өңіріне тарату қажет. «Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы керек», – деді Қ.Тоқаев.




