Пятница, 2 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

«МЕНІҢ ЖЕТІСТІГІМ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМНІҢ ЖЕТІСТІГІ»: ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Менің жетістігім – Тәуелсіздігімнің жетістігі» тақырыбында этнос өкілдері мен жастардың қатысуымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясын кеңінен насихаттау, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық келісім мен этносаралық татулық құндылықтарын дәріптеу болды.

Кездесуді Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Жиынды мекеме басшысының орынбасары Ерназар Баетов жүргізіп, еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің негізі азаматтардың заңға құрметі мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда азаматтық қоғам институттарын дамыту, қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру және жастардың қоғамдық өмірге араласуын күшейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Осы ретте өткізілген кездесу жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуына бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Іс-шара барысында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Гүлнара Пернебаева сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекеттің басты құқықтық құжаты екенін атап өтті. Ол заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын түсіндірді.

Сонымен қатар Түркістан облысы Әділет департаментінің өкілі Жармұхамбет Сапаров Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен азаматтардың құқықтық мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Спикер заң талаптарын білу әрбір азаматтың өз құқығын қорғауына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретінін айтты.

Кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев қоғамдық келісім мен татулықты сақтауда медиация институтының маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кез келген даулы мәселені өзара түсіністік пен келісім арқылы шешу қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі болып табылады. Сондықтан жастар арасында келісім мәдениетін қалыптастыру уақыт талабы саналады.

Іс-шара барысында ұлттық құндылықтар мен жастар тәрбиесі мәселелері де кеңінен сөз болды. Түркістан облысы бойынша «Асық ату» ұлттық спортының бас маманы Нұрбек Әлібекұлы ұлттық спорт түрлерінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны туралы айтып, ұлттық мұраны сақтау мен дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

Жастар мен этнос өкілдері кездесу барысында өз пікірлерін білдіріп, спикерлерге сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен пікір алмасу алаңы қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығын күшейтуге және азаматтық белсенділігін дамытуға мүмкіндік берді.

Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – елдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулық. Осы құндылықтарды сақтау мен нығайту жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық ұйымдар және азаматтық қоғам институттары жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Түркістандағы бұл кездесу де жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Мұндай кездесулер қоғамдық келісімді нығайтуға, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық қоғамның дамуына серпін береді. Сондықтан қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар