Түркістан облысы, Ордабасы ауданында орналасқан «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» жаңа, заманауи ғимаратқа көшіп, жұмысын жаңа бағытта жалғастыруда. Музей бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында бой көтерген Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешенінде орналасып, өңір тұрғындары мен туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетіп отыр.
Жаңа кешеннің пайдалануға берілуі музей жұмысының мазмұнын байытып, келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Кең әрі жарық экспозициялық залдар, заманауи безендіру үлгілері, интерактивті элементтер музейдің танымдық әлеуетін арттырып, тарихи мұраларды кеңінен насихаттауға жол ашты.
Бүгінде музей ұжымының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыру, ұлттық спортты дамытуға үлес қосқан тұлғалардың өмір жолын кеңінен дәріптеу, сондай-ақ жас буынның мәдени-танымдық көкжиегін кеңейту. Осы бағытта музейде аудан және облыс тұрғындарына, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген қонақтарға арналған танымдық экскурсиялар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Жаңартылған экспозицияда қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы теңдессіз жетістіктері жан-жақты қамтылған. Музей қорында сақталған тарихи құжаттар, сирек фотосуреттер, жеке тұтынған бұйымдар мен құнды жәдігерлер келушілерге өткен ғасырлардағы ұлттық спорт тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді.
Экспозицияның ең көрнекті әрі мазмұнды бөліктерінің бірі – Қажымұқан Мұңайтпасұлының Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға қаржылай көмек ретінде сыйға тартқан ұшағының үлкен макеті. Сонымен қатар, палуанның 1938–1943 жылдары Отырар ауданына қарасты Ақтөбе ауылында тұрған үйінің макеті мен Қажымұқанның өзі тұрған киіз үйі музей төрінен лайықты орын алған. Бұл бірегей жәдігерлер келушілерді өткен ғасырдың тарихи кезеңіне жетелеп, ұлт мақтанышының ел үшін жасаған ерен еңбегін терең сезінуге жол ашады.
Сондай-ақ музейде бұрын болмаған Ордабасы ауданы мен тұтас Түркістан өңірінің спорт тарихын қамтитын тың экспозициялар ұсынылған. Бұл бөлімдерде аймақтан шыққан атақты спортшылардың жетістіктері, түрлі спорт түрлерінің даму кезеңдері мен маңызды тарихи деректер топтастырылған.
Жаңа ғимаратқа көшкен Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі бүгінде тек мәдени орын ғана емес, туристік бағыттағы маңызды нысанға айналып отыр. Музей жұмысы алдағы уақытта да мазмұндық тұрғыда толығып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бермек.




