
Енді Шымкентте зейнеткерлер мемлекеттен бірреттік сыйақы алады. Мұндай қаржы бәріне бірдей емес, 70 жасқа толғандарына Қарттар күніне орай беріледі. Мәслихаттың кезекті сессиясында 2025 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер қалай өзгеретіні айтылды. Рет-ретімен әріптесім айтып берсін.
Шымкентте әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілді. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы мәслихаттың бұрынғы шешіміне өзгеріс енді. Мәселен, бұған дейін төлемдер басқарма арқылы беріліп келсе, енді әлеуметтік корпорациядан тікелей аударылады.
Мәслихаттың кезекті 23-ші сессиясында басқарма басшысы бірқатар әлеуметтік төлемдер ережесіне толықтыру енгізу туралы жобаны ұсынды. Жаңа жылдан бастап жұқпалы аурулармен ауыратын азаматтарға берілетін ақшалай төлемдердің де көлемін артыруды сұрады.
Депутаттар сессияда әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеуге қатысты ұсынысты бірауыздан қолдады. Сонымен бірге 2024 жылы мәслихаттың әлеуметтік дам жөніндегі тұрақты комиссияның мәселелерді шешуге қосқан үлесі айтылды.
Мәслихат депутаттары қалада инвестицияның артып, экономикалық дамуынан бөлек әлеуметтік-мәдени салаларда да ілгерілеу барын жасырмады. 2025 жылы да бұл бағытқа бюджеттен қаржы көлемі көбейіп, тұрғындарды әлеуметтік қолдау артады.




