2025 жылғы 1 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (МКҚ) мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда үміткерлерді таңдау және зерделеу жұмыстарын жүргізеді.
Бұл шара — Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын білікті әрі тәртіпті жастармен толықтыруға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі.
Қойылатын талаптар
Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданатын үміткерлерге мынадай талаптар қойылады:
жасы — 18 бен 27 жас аралығында;
бойы — кемінде 180 см;
білімі — орта мектеп, колледж немесе жоғары оқу орнын бітірген;
денсаулығы — жақсы, медициналық тексеруден өткен.
Сонымен қатар, жоғары білімді, спорттық жетістіктері бар, разряды немесе атағы бар азаматтарға басымдық беріледі.
Қызмет орны мен негізгі міндеттер
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына өткен мерзімді қызмет сарбаздары өз борыштарын Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде өтейді.
Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздары еліміздің Президентінің және басқа да күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, рәсімдік және протоколдық іс-шараларға қатысу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының эталондарын күзету секілді ерекше әрі жауапты міндеттерді орындайды.
Әскери дайындық пен мансаптық мүмкіндіктер
Қызмет барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен әскери істің қыр-сырын меңгереді, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында өз кәсібилігін арттырады.
Мерзімді қызметін ойдағыдай аяқтаған сарбаздарға келісімшарт бойынша қызметті жалғастыру, әрі қарай арнаулы мемлекеттік органның кәсіби қызметкері немесе офицері болу мүмкіндігі беріледі.
Олар болашақта күзетілетін тұлғалар мен стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатыса алады.
Әлеуметтік жеңілдіктер
Мемлекеттік күзет қызметінің мерзімді сарбаздары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Бұл — тұрғын үй, білім алу және жұмысқа орналасу салаларында қолданыстағы мемлекеттік кепілдіктерді қамтиды.
Байланыс нөмірі: 📞 +7 776 101 77 88
ҚР Мемлекеттік күзет қызметі елдің қауіпсіздігін қорғауға бел буған патриот жастарды іріктеуге шақырады. Бұл — ел алдындағы абыройлы міндет пен нақты кәсіби болашаққа жол ашатын мүмкіндік.




