«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып келе жатқан «Құқықтық дәріхана» акциясы барысында 1300 тұрғынға құқықтық көмек көрсетілді.
Акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың өзекті мәселелерін тыңдап, заң аясында кеңес беру. Осыған орай прокуратура қызметкерлері тұрғындарды апта сайын қабылдап, олардың жеке сұрақтарына жауап беруде. Бірқатар мәселелер бақылауға алынып, заң талаптарына сәйкес оң шешімін тапқан.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде. Акция қоғамдық орындарда өткізілетіндіктен, тұрғындардың қатысу белсенділігі де жоғары.
Облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Оразгелді Мұсафардың мәліметінше, акция барысында Қызылжар ауданының тұрғыны өз өтінішімен жүгінген. Ол 2025 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы Түркістан облысынан Қызылжар ауданына қоныс аударғанын, алайда бағдарлама аясында өзіне тиесілі тұрғын үйді ала алмай жүргенін жеткізген.
Аталған мәселе Қызылжар ауданы прокуратурасының бақылауына алынып, нәтижесінде азаматқа тиесілі тұрғын үй берілген. Сонымен қатар оның жұбайы тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Прокуратура органдары тұрғындардың құқықтарын қорғау және құқықтық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.




