Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ – ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ МЕН «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ҚАҒИДАТТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында ауылдық аумақтарды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері әрдайым басым бағыт ретінде айқындалып келеді. Президент өз тапсырмаларында энергия тиімділік саясатын іске асыру, газдандыру жұмыстарын жандандыру, қоршаған ортаны қорғау және «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын кешенді түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Осы міндеттерге сәйкес, Түркістан облысы, оның ішінде Сарыағаш ауданында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Аудан аумағында шалғай орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Табиғи газды пайдалану қатты отынға тәуелділікті азайтып, қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың таралуын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде «жасыл экономика» қағидаттарына сай келіп, энергия ресурстарын тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға жол ашады.

Осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі – Сарыағаш ауданына қарасты Жылға ауылдық округіндегі Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерінің табиғи газ жүйесіне қосылуы. Аталған елді мекендер ұзақ уақыт бойы шалғайда орналасуына байланысты газ инфрақұрылымынан тыс қалып келген болатын. Бүгінгі таңда бұл мәселе оң шешімін тауып, ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық жағдай жасалды.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы елді мекендерге барып, тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады. Кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шалғай ауылдарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, оның ішінде электр энергиясы, ауыз су және табиғи газ жүйелерін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, бұл жобалардың халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға оң әсер ететінін атап өтті.

Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерін газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, 2026 жылдың қаңтар айында толық аяқталды. Қарақалпақ елді мекенінде құрылыс жұмыстарын «Бақ-Ерке строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, Шайхана елді мекенінде бұл міндет «Ынтымақ-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелді. Жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуының нәтижесінде екі елді мекенде жалпы саны 207 абонент табиғи газға қол жеткізді.

Табиғи газға қосылу – тұрғындар үшін тек тұрмыстық қолайлылық емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да маңызды жетістік. Газбен жылыту көмір мен отын жағу кезінде бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайтып, ауа сапасының жақсаруына ықпал етеді. Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының негізгі мақсаттарымен үндесіп, елді мекендерде таза әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сарыағаш ауданында газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда ауданға қарасты 63 елді мекеннің 55-і табиғи газбен қамтылып, жалпы қамту көрсеткіші 87,3 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, 3 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілуде, ал 5 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Бұл көрсеткіштер аудан бойынша инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі әрі жоспарлы түрде атқарылып жатқанын көрсетеді.

Газдандыру – энергия тиімділік саясатын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі. Табиғи газды пайдалану энергияны үнемдеуге, тұрғындардың шығындарын азайтуға және ресурстарды ұтымды қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бағыт экология мен су ресурстарын қорғау, қоршаған ортаны сақтау мәселелерімен тығыз байланысты. Қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту арқылы аймақтың экологиялық тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында табиғи газға көшу тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, таза орта қалыптастыруға бағытталған саналы қадамға айналуда. Бұл – тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеруге, жас ұрпаққа табиғатты аялау мен ресурстарды тиімді пайдалану идеясын сіңіруге ықпал ететін маңызды бастама.

Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Елді мекендердің инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылуы болашақта экологиялық туризмді дамытуға да оң әсерін тигізеді. Таза ауа, қолайлы орта және заманауи инфрақұрылым – өңірдің тартымдылығын арттыратын негізгі факторлардың бірі.

Қорытындылай келе, Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерінің табиғи газға қосылуы – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің нақты орындалып жатқанын көрсететін маңызды жетістік. Бұл жоба энергия тиімділік саясатын, жасыл экономика қағидаттарын, қоршаған ортаны қорғау және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы нақты қадам болып табылады. Алдағы уақытта да Сарыағаш ауданында тұрғындар үшін қолайлы, экологиялық таза және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар